Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев 17 сәуірде «Қытай-Ресей арасындағы өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастық» форумына қатысты.
«Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасы Одақтың негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ҚХР-мен тауар айналымы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 200 млрд доллардан асты, ал Қытайдың ЕАЭО сыртқы саудасының жалпы көлеміндегі үлес салмағы 23%-ға дейін өсті», — деп атап өтті ЕЭК министрі.
Арзыбек Қожошев ҚХР-мен жұмысты жандандыруда «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, Бір бағыт» бастамасымен ұштастыру аясында мүше мемлекеттердің аумағында көлік инфрақұрылымын дамытудың ерекше маңызы бар деген пікірін білдірді.
Арзыбек Қожошев ЕАЭО мен ҚХР арасындағы Жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарының маңыздылығын атап өтті. Жоспарда ЕАЭО мемлекеттері, ал одан кейін үшінші елдермен, атап айтқанда Қытай Халық Республикасымен екіжақты және транзиттік тасымалдар жасау кезінде жүктерді тасымалдаудың кешенді электрондық технологиясына көшу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған.
Баяндамада сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім аясында ЕАЭО елдері мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру тақырыбы, инвестицияларды тарту мәселелері және көлік-логистикалық қызметті дамыту ісіндегі инновациялардың маңызы қозғалды.
Арзыбек Қожошев қытайлық бизнес өкілдеріне тасымалдау қызметін Комиссия мен Одақ елдерінің бірлескен күш-жігерімен цифрлық кеден мен цифрлық сауданы іске қосу, тауарларды таңбалау, тауарлар мен көліктің қадағалануын қамтамасыз ету сияқты қолдау шараларымен қамтамасыз ететіндігі жоспарланып отырғанын хабарлады.
ЕЭК спикері ЕАЭО-ның энергетика саласындағы интеграциялық жобалары туралы қысқаша айтып, бірінші кезекте Одақтың энергоресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыруды қозғады. Ол жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және онымен байланысты көміртексіздендіру процесіне, ЕАЭО-да бірлескен төмен көміртекті технологияларды әзірлеу және енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Сөз соңында Арзыбек Қожошев Қытай елінің өкілдерін ағымдағы жылдың маусым айында Сочиде өтетін Еуразиялық экономикалық форум мен Еуразиялық конгреске қатысуға шақырды.