Жаңалықтар

17.11.2023

Арзыбек Кожошев Беларусь Республикасының Энергетика министрі Виктор Каранкевичпен жұмыс кездесуін өткізді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев 16 қарашада Минскіде Беларусь Республикасының Энергетика министрі Виктор Каранкевичпен энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылады. Кеңеске елдің энергетика саласындағы «Белэнерго» және «Белтопгаз» өндірістік бірлестіктерінің басшылары да қатысты.

 Арзыбек Кожошев Еуразиялық экономикалық одақта ортақ энергетикалық нарықтар бойынша әзірленіп жатқан актілердің жоғары дайындық дәрежесін атап көрсетіп, бірлескен жұмыс серпініне оң баға берді. "Газ саласындағы әлі де сақталып отырған, шешуді қажет ететін келіспеушіліктерге қарамастан, біз көптеген даулы мәселелер бойынша келіспеушіліктерді алып тастай алдық және стратегиялық құжаттарды дайындау жұмысында айтарлықтай ілгерілей алдық", – деп мәлімдеді ол.

Өз кезегінде Виктор Каранкевич энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру мәселелері бойынша тәсілдемелерді жақындастырудың және өзара қолайлы шешімдерді әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

"Қалған келісілмеген мәселелерді біз Одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің кезекті отырысында қарауды жоспарлап отырмыз, оны 22 қарашада өткізу жоспарланған", – деп хабардар етті ЕЭК министрі.


Тараптар сондай-ақ электр энергиясының ортақ нарығының құқықтық негіздерін қалыптастырудағы елеулі жақсарысты атап өтті.

"2023 жыл электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастыруда серпілісті жыл болды. Үкімет басшылары Одақ елдерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің осы нарықтағы қызметіне негіз болатын үш негіз қалаушы құжатты бекітті. Осы құжаттармен жұмыс тараптардың шоғырлана түскенін және Одақ экономикасы мен халқы үшін ең жақсы нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтып отырғанын көрсетті", – деді Арзыбек Кожошев.


Оның жұмыс сапары бағдарламасының бір тармағы «Мингаз» БК объектілерін аралау болды. ЕЭК министрі Беларусьтің газдандыру және атом энергетикасы саласындағы оң тәжірибесін атап өтіп, атомды бейбіт мақсатта пайдалану Еуразиялық интеграцияны тереңдетудің перспективалы бағыттарының бірі болып табылатынын атап көрсетті.

Арзыбек Кожошев пен Виктор Каранкевич кездесудің оң нәтижесін атап өтіп, энергетикалық тректе өзара іс-қимылды жалғастыру жайында уағдаласты.