Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев мұндай пікірді 15 қарашада "Үлкен Еуразиялық әріптестік. Озыңқы даму стратегиясы" тақырыптамасына арналған «Интеграция-2023» Еуразиялық іскерлік форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген кезінде айтты.
Аудиторияға қайырыла отырып, Арзыбек Кожошев ЕАЭО-ның энергетика мен көліктегі интеграциялық күн тәртібі туралы хабардар етті.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу жоспарланып отырған Одақтың энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастырудың рөлі мен құндылығы айтарлықтай артып келеді. Электр энергиясының ортақ нарығын құру оның қатысушыларына Еуразиялық кеңістікте трансшекаралық сауданы жүзеге асыруға мүмкіндік береді, бұл ретте электр энергиясының құны биржалық механизмдерді пайдалана отырып қалыптастырылатын болады, бұл оның ашықтығын қамтамасыз етеді", – деп атап өтті Еуразиялық министр.
Қазіргі заманғы экономикалық және әлеуметтік дамудың жаһандық процестері тікелей немесе жанама түрде энергия ресурстарымен байланысты екені анық, бұларға сенімді қол жеткізу елдердің негізгі басымдығы, олардың экономикасы мен халқының әл-ауқатының кепілі болып табылады.
Арзыбек Кожошев сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінде осы уақытқа дейін "жасыл экономикаға" көшу және баламалы энергетиканы дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанын: "Энергетикалық перспективалар төмен көміртекті дамуға, көміртексіздендіруге, климаттық күн тәртібінің басымдығына, сайып келгенде, энергия көздерін әртараптандыруға және жаңа технологияларды дамытуға көшу жөніндегі қазіргі заманғы трендтерді де ескеруге тиіс", – деп атап өтті.ЕАЭО елдерінің көлік кешендері жаңа логистикалық тізбектер құру және инфрақұрылымды жедел дамыту қажеттігі жағдайында орнықтылық пен тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсетуде. Одақ елдерінің ұлттық инфрақұрылымдық жобалары теңіз порттарының әлеуетін пайдалана отырып, "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізі шеңберінде Шығыс – Батыс маршруты бойынша, сондай-ақ Таяу Шығыс, Үндістан бағытындағы құрамдастырылған транзиттік көлік дәліздерінің функционалын қолдауға тоғыстырылған.
Арзыбек Кожошев ЕАЭО елдері экономикасының энергетикалық және көлік салаларын цифрландырудың маңыздылығын: "Энергетика саласындағы базалық процестердің тиімділігі цифрландыру есебінен тұрақты түрде артып келеді, Одақтың энергия ресурстарының ортақ нарықтарының жұмыс істеуі жағдайында ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылатын болады", – деп атап көрсетті. Көлік қызметін цифрландыруда теміржол көлігі көш басында келеді. Мәселен, салада импорттық-экспорттық бағыттарда цифрлық қағазсыз теміржол тасымалдарының кешенді технологиясы үшін негіз қалыптастырылуда.
ЕЭК министрі сөзінің соңында кез келген өзгерісті ЕАЭО елдерінің экономикалық дамуы мен қазіргі заманның шақырыстарына бірлесіп ден қою механизмдерін құру үшін жаңа мүмкіндіктер ретінде қабылдау қажеттігіне назар аударды. Даму мен өркендеудің ортақ кеңістігін қалыптастыру үшін ЕАЭО-дағы даму стратегиялары бәсекелестікке емес, жалпы және ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын, энергетикалық және көлік байланыстылығын, сондай-ақ қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ұтымды өзара іс-қимылға бағдарлануы маңызды.