Жаңалықтар

02.02.2024

Бақытжан Сағынтаев: «Комиссияның міндеті – ЕАЭО-да цифрлық теңсіздікті жою үшін жағдай жасауға ықпал ету»

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев 2 ақпанда Алматыда өткен Digital Almaty 2024 жыл сайынғы форумының пленарлық сессиясында цифрлық жобаларды іске асыру, IT-инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтағы ақпараттық қауіпсіздік туралы айтты.

ЕЭК Алқасы басшысының айтуынша, цифрландыру және жаңа технологиялар өнімділікті жақсарту, бизнес-процестерді оңтайландыру үшін зор мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ заманауи бизнес-модельдердің пайда болуына және тұтастай алғанда олардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта ЕЭК ЕАЭО елдерімен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді. Трансшекаралық сенім кеңістігі аясында G2G және B2G форматында өзара іс-қимыл жолға қойылған. Сондай-ақ, трансшекаралық B2B өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ЕАЭО аясында экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында заңды және жеке тұлғалардың цифрлық қызметтерге онлайн форматта қол жеткізуі үшін жағдайлар жасауға қатысты ережелер берілген. Орта мерзімді перспективада ЕЭК «ЕАЭО мемлекетаралық қызметтері» атты флагмандық жобасы бойынша жұмысты бастай алады.

«Осы бағытқа қатысты орта мерзімді перспективада Комиссияның және мүше мемлекеттердің пилоттық жобаны іске асыру үшін әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Шұғыл түрде біз бастаманы пысықтау бойынша жұмыс ұйымдастырамыз», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.

Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар цифрлық теңсіздіктің артуы сияқты цифрландырудың кері жағына да назар аударды, бұл өз кезегінде төрт «еркіндіктің» іске асырылуына әсер етуі мүмкін: тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің кедергісіз қозғалысы.

«Комиссия интеграциялық процестерді жалпы реттеуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін орган ретінде пассивті рөл атқармауға, сондай-ақ цифрландыруды тежейтін шешімдер қабылдамауға тиіс. Керісінше, Комиссияның міндеті – нормативтік және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету арқылы бизнесті дамыту мен түрлендіруге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтардың өмірін жақсартуға шексіз мүмкіндіктер аша отырып, цифрлық теңсіздікті теңестіру үшін жағдай жасауға ықпал ету», – деп сендірді ЕЭК Алқасының төрағасы. 

Комиссия Еуразиялық үкіметаралық кеңестің таяу арада өтетін отырысында осы мәселені қалай шешуге болатыны туралы өз көзқарасын ұсынатын болады.

Анықтама

«Digital Almaty» – жаһандық және өңірлік цифрлық күн тәртібін, сын-тегеуріндерді, шешімдерді және бүкіл әлемде цифрландыру саласындағы саясатты қалыптастыру мен талқылауға арналған негізгі алаңдардың бірі.

2024 жылы форумға 50 мыңнан астам қатысушы, 300-ден аса көрме қатысушылары және 200-ден аса шақырылған спикерлер келеді деп күтілуде.