Жаңалықтар

22.04.2022 (Обновлено: 12.05.2022 11:44)

Беларусь пен Ресей ЕАЭО тауарларының ортақ биржалық нарығын қалыптастыру схемасын ұсынды

Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен отырыста тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қатысушылары Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастырудың мүмкін болатын схемаларын талқылады.
ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев атап көрсеткендей, бұл жұмыстың өзектілігі геосаяси жағдаятты ескере келгенде, елеулі түрде өсті. Ағымдағы жылғы шілдеге қарай Комиссия биржалық сауда-саттықта өткізуге арналған тауарлардың, туынды қаржы құралдарының, биржалық және биржадан тыс баға индикаторларының тізбесімен, ұсыныстарымен бірге баяндама ұсынуға тиіс.
«Баға белгілеу процестері мен валюталық инфрақұрылым тұрғысынан біз батыстық жүйелерге тәуелді болдық. Бүгін біз биржалық кеңістікті қалыптастыру туралы ойланып қана қоймай, ұлттық валюталарда баға белгілеудің өзіндік жүйесін құруымыз керек»,- деп атап өтті Сергей Глазьев.
Биржалық тауар нарығының жұмыс схемасы бойынша ұсыныстарды Беларусь пен Ресей берді.

Беларусь қолданыстағы биржалар негізінде ортақ нарықты қалыптастыруды, бірінші кезеңде биржалардың ұлттық қатысушыларының қатысуымен сауданы жүзеге асыруды, ал екінші кезеңде ұлттық биржалардың қанағаттандырылмаған өтінімдерін алдағы уақытта ыңғайлас ұсыныстарды іздеу және мәмілелерді ресімдеу үшін арнайы құрылған халықаралық деректер орталығына жіберуді ұсынды. Бұл тәсілдеменің артықшылығы - ішкі нарықтың қажеттіліктерін және ұлттық қатысушылардың мүдделерін кепілді қамтамасыз ету.

Ресей сауда-саттықты барлық ұлттық биржаларда Одақтың барлық елдерінің өкілдерін сауда-саттыққа жіберу арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Ресей тарапының пікірінше, бұл ұлттық тауар биржалары арасында бәсекелестік тудырады және олардың дамуын ынталандырады.

Талқылау қорытындылары бойынша тараптар екі тәсілдемені де баяндамаға кірістіруге уағдаласты.

Тараптар Одақтың ортақ биржа нарығындағы саудаға ұсынылатын тауарлар тізбесін де талқылады. Бірінші кезеңде көмір, минералдық тыңайтқыштар, өсімдік майы, май, қант, құнарландырылған жемшөп, күнжара, ағаш материалдары, металл, құрылыс материалдары, цемент және алтын сияқты тауарлар сатылуы мүмкін. Екінші кезеңде, биржалық сауда қағидалары келісілгеннен кейін, сондай-ақ өзара сауда шеңберінде экспорт пен импортқа шектеу шаралары мен тыйым салудың күші жойылған соң, электр энергиясы, газ, мұнай, мұнай өнімдері және астық сияқты тауарларды қосуға болады.

ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Жаппарқұлов атап өткендей, мамыр-маусымда Одақ мемлекеттерінің өкілдерінің қатысуымен «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасының (Қазақстан) және Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасының базасында тестілік сауда-саттық өткізу жоспарлануда.
«Тестілік сауда-саттық өткізу ЕАЭО тауарларының ортақ биржалық нарығы шеңберінде сауда шарттарын модельдеуге және атқарып игеруге мүмкіндік береді. Сауда-саттықтарды өткізу қорытындылары да баяндамаға кірістірілетін болады»,- деп хабарлады Асқар Жаппарқұлов.«Тестілік сауда-саттық өткізу ЕАЭО тауарларының ортақ биржалық нарығы шеңберінде сауда шарттарын модельдеуге және атқарып игеруге мүмкіндік береді. Сауда-саттықтарды өткізу қорытындылары да баяндамаға кірістірілетін болады»,- деп хабарлады Асқар Жаппарқұлов.
Анықтама

ЕАЭО шеңберінде тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы 2021 жылғы сәуірде құрылды. Оған Одақ елдері уәкілетті органдарының, мүше мемлекеттердің биржалары мен биржалық тауар өндірушілерінің өкілдері, сондай-ақ Комиссия өкілдері кірді.

Одақтың ортақ биржалық тауар нарығын қалыптастыру 2025- Стратегиясында көзделген. Тауарлардың биржалық нарығын дамыту бағдарламасын 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бекіту жоспарлануда.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі