Жаңалықтар

20.11.2023

Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы Хатшылығында ЕАЭО күндері өтеді

20 қарашада Джакартада (Индонезия Республикасы) АСЕАН Хатшылығындағы ЕАЭО күндері бастау алды. Іс-шара Еуразиялық экономикалық комиссия мен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуының бес жылдығына орай өткізіледі және АСЕАН мемлекеттерінің үкіметтік, іскерлік және сарапшылық топтарының Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.

ЕАЭО күндерін ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен АСЕАН Бас хатшысы Као Ким Хорн ашты.

"ЕАЭО және АСЕАН елдері сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне көшуде. Ағымдағы жылы біз тауар айналымының рекордтық деңгейіне жетіп отырмыз, ол жыл сайын 11% өсуде. Бұл үрдістің ұзақ мерзімдік сипатын көрсететін көптеген фактор бар. Геоэкономикалық ландшафт өзгеруде, ал біздің интеграциялық бірлестіктеріміз қазіргі заманғы әлемді дамытудың маңызды орталықтарына айналуда. Алдағы бес жыл ЕАЭО мен АСЕАН бизнес-қауымдастықтарының қарым-қатынасында серпілісті болады. Бұған іскерлік, сарапшылық және академиялық топтар арасындағы тікелей байланыстың ЕЭК пен АСЕАН Хатшылығы құрған жаңа мүмкіндіктері ықпал ететін болады", – деп мәлімдеді Сергей Глазьев.

Као Ким Хорн, өз кезегінде, ЕАЭО күндері – бұл АСЕАН елдерінің халықтарына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің әлеуетін көрсету мүмкіндігі, деп атап өтті. Ол АСЕАН мен ЕАЭО-ның сауда және инвестициялар, туризм, ресурстарды басқару, жоғары технологиялық өндіріс, цифрлық технологиялар және көлік салаларындағы ынтымақтастығының мол мүмкіндігі бар екендігін атап көрсетті.

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары, ЕЭК Кеңесінің Төрағасы Алексей Оверчук АСЕАН Хатшылығы мен ЕЭК-ке осы іс-шараны өткізу жөніндегі бастаманы іске асырғаны үшін шынайы ризашылығын білдіре отырып, ЕАЭО күндеріне қатысушыларға сәлемсөзін жолдады. Ол ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы байланысуды дамыту, сондай-ақ ЕАЭО күндерінде өтетін пікір алмасу Еуразияның Солтүстігі мен Оңтүстік Шығысының экономикалық кеңістігін байланыстыратын екі интеграциялық бірлестік арасындағы әріптестік қатынастарды тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті. 

Сондай-ақ іс-шара ашылатын күні Сергей Глазьевтің АСЕАН Бас хатшысы Као Ким Хорнмен жұмыс кездесуі өтті, оның барысында ЕЭК-тің АСЕАН Хатшылығымен сауда, цифрлық күн тәртібі, кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық интеграцияға жәрдемдесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және т.б. сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды. ЕЭК министрі ЕАЭО күндерін өткізу идеясын қолдағаны үшін АСЕАН-ға алғысын білдірді.

ЕАЭО күндерінің бағдарламасы Еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі кезеңдерін баяндайтын және ЕАЭО мемлекеттері ынтымақтастығының түйінді бағыттары (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, цифрлық күн тәртібі және басқалар) бойынша Одақтың жетістіктерін көрсететін "Еуразиялық экономикалық одақ 2015 – 2023: жетістіктер мен перспективалар" фотокөрмесін өткізуді өзіне кірістіреді.

Бұдан басқа, "ЕАЭО мен АСЕАН-ның экономикалық күн тәртібі: мүдделер тоғысы" (ММХҚИ жанындағы АСЕАН орталығымен бірлесіп) және "ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы байланыстарды нығайту: іскерлік қоғамдастықтың рөлі" (Ресей-АСЕАН Іскерлік кеңесімен бірлесіп) деп аталатын екі дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Іс-шараның трансляциясы ЕЭК-тің Youtube-каналында қолжетімді.

ЕЭК ЕАЭО мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің жәрдемдесуімен мамандандырылған іс-шара ұйымдастырды, онда ЕАЭО күндерінің қонақтарына Одақ елдерінің ұлттық тағамдары ұсынылды.

ЕАЭО күндерінің іс-шараларына ЕЭК делегациясы, ЕАЭО мемлекеттерінің өкілдері, АСЕАН Хатшылығының басшылары мен қызметкерлері, ЕАЭО және АСЕАН елдерінің іскерлік, үкіметтік және сарапшылық топтарының өкілдері қатысуда.

Анықтама

ЕЭК пен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2018 жылы қол қойылды.

ЕЭК пен АСЕАН 2025 жылға дейінгі кезеңге арнап есептелген бірлескен Ынтымақтастық бағдарламасын іске асырады. Оның шеңберінде бірқатар бірлескен іс-шара ұйымдастырылды, олардың ішіндегі неғұрлым көзге түскені - 2019 жылы өткізілген "ЕАЭО мен АСЕАН-дағы өңірлік экономикалық интеграция" және "ЕАЭО мен АСЕАН-дағы цифрлық трансформация" семинары (бірінші кезеңі 2023 жылғы 1 наурызда болып өтті, екінші кезеңі - 2024 жылы) болып табылады. АСЕАН өкілдері Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында жыл сайынғы ЕАЭО – АСЕАН Бизнес-диалогы сияқты ірі форумдар шеңберінде ЕЭК ұйымдастырған сессияларға, сондай-ақ ЕЭК-тің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге экономикалық интеграцияның ықпалына байланысты іс-шараларына қатысады. АСЕАН ЕЭК өкілдерін Ресей-АСЕАН аға лауазымды тұлғалар мен Экономика министрлерінің кездесулеріне қатысуға шақырады.