Жаңалықтар

30.03.2022 (Обновлено: 08.04.2022 16:37)

Адал кәсіпкерлер тауарлардың жекелеген санатын декларациялау мүмкіндігін алады

29 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібін жаңа бөліммен толықтырды.

Бұл жаңа енгізілім тауарлардың белгілі бір топтарын кедендік декларациялауға мүмкіндік береді. Сөз Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген немесе кедендік баждарды, салықтарды төлемеуге, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын сақтамауға әкеп соғатын, кедендік қағидаларды бұза отырып, бірыңғай нарыққа айналымға шығарылған тауарлар туралы болып отыр. Мұндай тауарлар бақылау іс-шараларын жүргізу барысында да анықталуы мүмкін.

Осындай тауарларды декларациялаудың көзделген ерекшеліктері адал сатып алушылардың кедендік декларацияны оның жекелеген графаларын толтырмай немесе тауарлар туралы, соның ішінде көлік құралдары, тауарларды жөнелтуші мен алушы туралы толық емес мәліметтерді көрсете отырып беруіне мүмкіндік жасайды.

«Қабылданған өзгерістер адал кәсіпкерлер үшін соңғы уақытқа дейін болмаған, тиісті кедендік рәсімдерден өтпеген тауарларға одан әрі еркін билік жүргізу мақсатында декларациялаудың құқықтық негіздерін ашады», — деп атап өтті ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Сергей Владимиров. Оның сөзінше, кеден органдарында да кәсіпкерлердің мұндай тауарларды кейіннен еркін пайдалану үшін декларациялау мүмкіндігін қамтамасыз ететін тиісті нормативтік құқықтық база болады.
Комиссия Алқасының шешімі осы жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.