Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев бұл туралы "Ресей мен АСЕАН АТӨ-де: өзара іс-қимыл серпіні, өңірлік процестер және жаһандық сарын" конференциясының ашылу рәсімінде хабарлады.
Сергей Глазьев ЕАЭО және АСЕАН елдеріне экономикалық байланыстылық және өзара толықтырушылық тән екенін, бұлардың ұзақ мерзімдік перспективада сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жақсы іргетас болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы инвестициялық өзара іс-қимыл мен сауданың ауқымы әлі де оңтайландырыла қойған жоқ. Әріптестік инфрақұрылымын жақсарту, өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны өсіре түсу қажет. ЕЭК тарапынан қазірдің өзінде мұндай күш-жігер қабылдануда. ЕЭК пен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған сәттен бастап өткен бес жыл ішінде АСЕАН Хатшылығымен тығыз байланысу жолға қойылды, басты мақсаты интеграциялық тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен бірге бизнес-қоғамдастықтың тікелей өзара іс-қимыл арнасын орнату да болып табылатын бірлескен ірі іс-шаралар тұрақты негізде ұйымдастырылуда.
"Өз тарапымыздан біз сауданы өсіру, тосқауылдарды алып тастау, пұрсатты сауда режимін кеңейту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға дайынбыз", - деген Сергей Глазьев осы тұрғыда ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісім жасасу жөнінде жүргізіліп жатқан келіссөздерді еске салып өтті.
Конференцияның ашылу рәсіміне сондай-ақ Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко, Ресей-АСЕАН Әскерлік кеңесінің төрағасы Иван Поляков, Индонезия Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы Экономикалық департаментінің басшысы Фаджар Хираван, Лаос СІМ Халықаралық қатынастар институтының директоры Май Сайнявонг, Ресей СІМ ММХҚИ ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Андрей Байков, Ресей СІМ ММХҚИ жанындағы АСЕАН орталығының директоры Екатерина Колдунова, ЕАЭО және АСЕАН елдерінің басқа да сарапшылары қатысты.
Анықтама
"Ресей мен АСЕАН АТӨ-де: өзара іс-қимыл серпіні, өңірлік процестер және жаһандық сарын" конференциясы Ресей халықаралық зерттеулер қауымдастығы (РХЗҚ) XV Конвенті шеңберінде өтуде және Ресей мен АСЕАН-ның стратегиялық әріптестігінің бес жылдығына орайластырылған.
ЕЭК пен АСЕАН арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2018 жылғы 14 қарашада Сингапурде қол қойылды. Құжат Еуразиялық континент ауқымында интеграциялық блоктардың өзара іс-қимылы мәселелерінің кең спектрін талқылау бойынша диалог алаңын қалыптастыру үшін іргетас қалайды.
Меморандумды іске асыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасы қабылданған. Ол кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы, сауда саясаты, кәсіпкерлік қызмет, техникалық және монополияға қарсы реттеу, СФС-шаралар, энергетика, ішкі нарықтың жұмыс істеуі сияқты және басқа салаларды қамтиды.