Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Шығыс экономикалық форумы аясында Еуразиялық экономикалық одақтағы кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесу механизмі мен ЕАЭО елдерінің ШЫҰ және БРИКС мемлекеттерімен кооперациялық байланыстарын дамыту перспективалары туралы айтты.
ЕЭК пен ЕАЭО Іскерлік кеңесі ұйымдастырған "Үлкен Еуразиядағы кооперация: ЕАЭО, ШЫҰ, БРИКС өндірістік тізбектерін дамыту тәжірибесі" сессиясында сөйлеген кезінде ол биыл ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толғанын қатысушылардың есіне салды. Министр осы уақыт ішінде Одақ өзінің тиімділігін көрсеткенін және жаңа геосаяси жағдайларда серпінді дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Гоар Барсегян ЕАЭО үшін ортақ кооперациялық ынтымақтастықты қалыптастыру және өндірістік қызметті қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттерді бөліп көрсете келіп, "Еуразиялық интеграцияның негізін қалаған төрт еркіндік қағидаты: тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы — сауда және әкімшілік тосқауылдарын жою арқасында өзінің тиімділігін дәлелдеді", — деп атап өтті.
"Біз кооперациялық жобаларды іске асыруды субсидиялауға мүмкіндік алдық. Бұл бағыт біздің елдер экономикасының нақты секторын дамытуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл кооперациялық ынтымақтастықты күшейтуге және үшінші елдер мен интеграциялық бірлестіктерден әріптестер тартуға көмектесетін маңызды құрал"- деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Оның сөзінше, ЕАЭО-ны халықаралық аренада экономикалық тартылыс полюсі ретінде жайғастыру және әлемдік экономикалық архитектураның жаһандық өзгерістері жағдайында ШЫҰ, БРИКС, АСЕАН сияқты өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың интеграциялық бірлестіктерімен жүйелі диалог құруға ерекше назар аудару маңызды міндеттер болып табылады.
"2023 жылы ЕАЭО елдері мен БРИКС арасындағы тауар айналымы 63 млрд долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26% өсті", — деп хабарлады Гоар Барсегян. — ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы толық форматты шартқа қол қою маңызды оқиға болды. Ал осы жылғы тамыз айында Комиссияның қатысуымен БРИКС Өнеркәсіп министрлерінің кездесуі болып өтті. Біз ЕАЭО+БРИКС форматын нақты секторды дамытудың өзекті мәселелері бойынша диалог үшін тұрақты алаң ретінде пайдалану туралы бастама көтердік.
Гоар Барсегян сондай-ақ "Ресей — АСЕАН бизнес-диалогы" сессиясына қатысып, ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы айтты.
"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің АСЕАН-ға мүше елдермен сыртқы сауда көлемі 2023 жылы 27 млрд доллардан асты және айтарлықтай өсу әлеуеті бар, Қауымдастық мүшесі – Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы бірінші келісімге қол қойылды, Индонезиямен келіссөздер жүргізілуде. Біз Камбоджа, Индонезия, Мьянма, Таиланд және Сингапур Үкіметтерімен әртүрлі форматта қарым-қатынас орнаттық, бірлескен ірі іс-шаралар, соның ішінде ЕАЭО-АСЕАН тұрақты бизнес-диалогын ұйымдастырып келеміз. Экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасасылып, ЕЭК пен АСЕАН-ның 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды", — деп министр Комиссияның осы бағыттағы жұмысы туралы хабардар етті.
Шығыс экономикалық форумы аясында Гоар Барсегян Еуропалық бизнес қауымдастығының бас директоры Тадзио Шиллингпен кездесті. Кездесуде экономиканың өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік секторларын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
ЕЭК министрі Шығыс экономикалық форумының жалпы отырысына да қатысты.