Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ ЭСКАТО) ұйымдастырған «Солтүстік және Орталық Азиядағы көші-қон бойынша фактологиялық базаны нығайту: деректер, гендерлік аспектілердің әсері және ақша аударымдары» атты сарапшылар тобы кеңесі мен семинарға қатысушылар еңбек көші-қонын дамыту және әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Алтынай Омурбекова Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай еңбек нарығының жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндама жасады. Ол ЕЭК пен БҰҰ ЭСКАТО ынтымақтастығының ерекше маңыздылығын атап өтті:
«Біздің өзара іс-қимылымыз еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау жөніндегі өңірлік стратегияларды дамыту үшін жаңа перспективалар ашады. Тәжірибе мен білім алмасу қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне тиімдірек ден қоюға және Одақ елдерінің барлық азаматтары үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар жасауға көмектеседі».
Іс-шараға қатысушылар ЕАЭО-да ақша аударымдары жүйесін дамыту перспективаларын талқылап, құқықтық базаны жетілдіру, ақша операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру қажеттігін атап өтті.
ЭСКАТО – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның бес өңірлік комиссияның біреуі болып табылады. ЭСКАТОНЫҢ штаб-пәтері Таиланд Корольдігінің Бангкок қаласында орналасқан. ЭСКАТО құрамына 53 мемлекет (оның ішінде Армения Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы), сондай-ақ 9 қауымдастырылған қатысушы кіреді.
ЕЭК пен БҰҰ ЭСКАТО-ның өзара іс-қимылы 2019 жылғы 17 мамырда Қазақстанда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумға негізделген.