Еуразиялық экономикалық комиссия мен Мьянма Одағы Республикасының Үкіметі арасындағы өзара қарым-қатынас туралы меморандумға ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев пен Мьянманың Инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Кан Зо қол қойды. Рәсім 15 маусымда Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумының алаңында өтті.
Меморандум кедендік реттеу, техникалық реттеу, санитариялық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларды қолдану, қаржы нарықтары, көлік, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да бағыттар бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Меморандумда өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобын құру және бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделген.
Құжат өзара тиімді экономикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері мен Мьянма арасындағы сауданы кеңейту мен әртараптандыруға ықпал ететін болады.
Сергей Глазьев Меморандумға қол қою Комиссияның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланысын нығайтудың кезекті қадамы екенін атап өтті.
«Меморандум негізінде біз саудадағы кедергілерді жою, ақпарат алмасу, халқымыздың игілігі үшін жаңа жобалар мен инвестициялар жасау үшін ынтымақтастық тетіктерін пысықтау бойынша нақты міндеттерді шеше аламыз», - деді Сергей Глазьев.
Кан Зо сөз кезегінде Сергей Глазьевке бірлесіп жасаған жұмыс үшін алғысын айтты.
«Қол қойылғаннан кейін біз өз міндеттемелерімізді іс жүзінде жүзеге асыруымыз керек және мұндай ынтымақтастықтың тиімді болғанын қалаймыз», - деді ол.
Қол қою рәсіміне сонымен бірге Мьянма Одағы Республикасының жоспарлау және қаржы министрі Вин Шейн, Мьянма Одағы Республикасы Орталық банкінің басқарушысы Тан Тан Све, Мьянма Одағы Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Лвин У, ЕАЭО елдерінің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Анықтама
Мьянма 2021 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан болатын. Елмен өзара қарым-қатынасты дамыту Комиссияның АСЕАН-ға кіретін елдермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі міндеттеріне сәйкес келеді. Комиссия сонымен қатар Еркін сауда туралы келісім жасалған Вьетнам сияқты АСЕАН елдерімен, сондай-ақ Индонезия, Камбоджа, Сингапур, Таиландпен ынтымақтасады, осы елдердің үкіметтерімен Комиссия меморандумдар жасаған.