Жаңалықтар

10.06.2022 (Обновлено: 12.07.2022 13:44)

ЕЭК Иран өкілдерімен кеден саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады

9 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Кедендік инфрақұрылым департаментінің директоры Данияр Иманалиевтың Иран Ислам Республикасы Кеден қызметінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас директоры Хоссейн Кахкимен және Иран Ислам Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі жанындағы сауда атташесі Ирадж Зареимен жұмыс кездесуі болып өтті.

Кездесу шеңберінде тараптар ынтымақтастықтың, соның ішінде ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге сәйкес электрондық ақпарат алмасуды іске асыру тәртібі туралы Одаққа мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары мен Иран Ислам Республикасының Бас кеден басқармасының арасындағы ақпарат алмасу туралы хаттаманың жобасы бойынша келіссөздердің бірінші раундын ұйымдастыруға және өткізуге байланысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Біз Иран тарапының да, Одақтың барлық мемлекетінің де келіссөздер процесін тезірек аяқтауға және хаттамаға қол қоюға мүдделілігін көріп отырмыз. Келіссөздердің бірінші раундын көзбе-көз форматта өткізу ақпарат алмасуды іске асырудың барлық түйінді аспектілерін талқылауға және келісуге әрі техникалық мәселелерді одан әрі тікелей пысықтауға кірісу үшін қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітуге мүмкіндік береді», — деп атап көрсетті Данияр Иманалиев ирандық әріптестерімен әңгімелесу барысында.
Ол сондай-ақ Ақпарат алмасу туралы хаттаманы жасасу және кейіннен практикалық іске асыру кедендік операцияларды жасауды жеделдетуге, тауарларды декларациялаудың дұрыстығын және кедендік бақылаудың тиімділігін, соның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып арттыруға, заңнама нормаларын бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге және болдырмауға, сайып келгенде, елдер мен олардың кеден қызметтері арасындағы сенімді арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Хоссейн Кахки өз тарапынан Иран Ислам Республикасының Бас кеден басқармасы мен Комиссияның кеден блогы арасында Уақытша келісімді іске асыру шеңберінде қалыптасқан диалогтың сындарлылығын атап өтіп, өзара іс-қимылдың одан әрі нығаюы мен дамуына сенім білдірді.

Данияр Иманалиев мүше мемлекеттер мен Иран арасындағы саудадағы жақсарысты атап өтті, бұған бірінші кезекте Уақытша келісім жасасу ықпал етті, сондай-ақ қазіргі заманғы жағдайларда «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытудың маңыздылығына назар аударды. Ол сондай-ақ ирандық әріптестерін Комиссияның жаңа жобалары және Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру барысы туралы хабардар етті.
«Одақ мемлекеттерінің стратегиялық құжаттарында кедендік операцияларды жасау және кедендік бақылауды жүргізу кезінде цифрлық технологияларды кеңінен ендіру көзделген», — деді Данияр Иманалиев.
«Цифрлық көлік дәліздерін құру, кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жүктердің жеткілікті түрде белсенді және жіксіз қозғалуына ықпал ететін болады».
Хоссейн Кахки өз кезегінде Иранның кеден қызметі Дүниежүзілік кеден ұйымының алаңында қалыптасатын халықаралық тәжірибе мен стандарттарды бағдарға ала отырып, барлық процесті цифрландыруға зор көңіл бөлетінін хабарлады.