Жаңалықтар

28.03.2023

ЕЭК БҰҰ АТМЭӘК-тің алаңында арнайы сессия ұйымдастырды

27 наурызда Бангкокта БҰҰ АТМЭӘК аясында 10-шы Азия-Тынық мұхиты тұрақты даму форумы ашылды. Форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың, сондай-ақ серіктес халықаралық ұйымдардың БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі рөліне арналған арнайы сессия ұйымдастырды.

Форум қатысушыларына ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович сәлемдеме жолдады. Оны министрлік сегменті барысында Алқа басшысының кеңесшісі Владимир Ковалёв айтып берді.

«Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше мемлекеттермен тығыз байланыста бола отырып, Тұрақты даму мақсаттарына ілгерілеуді жеделдету және көпполярлы әлемдік ахуал қағидатын сақтау үшін өңірлік және субөңірлік ұйымдармен стратегиялық әріптестікті нығайтуға дайын», — деп атап өтті сөз сөйлеу барысында. 

ЕЭК арнайы сессиясында талқылаудың негізгі арқауы өңірлік деңгейдегі интеграциялық күш-жігер мен ТДМ қол жеткізу тиімділігінің өзара байланысы болды.

«ЕАЭО туралы шарт және Одақ құқығын құрайтын негізгі құжаттар БҰҰ – 2030 Күн тәртібінің экономикалық мақсаттарына сәйкес келеді, ал ЕАЭО-да, оның ішінде 2025 жылға дейінгі ЕАЭО Стратегиясында бекітілген интеграциялық міндеттерді тиімді іске асыру Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде ілгерілеуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті сессия модераторы, ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян. 

ТДМ саласындағы Комиссияның әзірлемелерімен, сонымен қатар ЕАЭО-да БҰҰ – 2030 Күн тәртібін іске асыру жоспарларымен Владимир Ковалёв пен ЕЭК Статистика департаменті директорының орынбасары Наталья Игнатова бөлісті.

ЕЭК сессиясында ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Сохаил Хан, Солтүстік және Орталық Азияға арналған АТМЭӘК Субөңірлік бөлімшесінің басшысы Николай Помощников, ОШАМҚ (ASEAN) Хатшылығының бейінді департаментінің басшысы Мигель Муснджи және АӨСШК өкілі Угур Туран сөз сөйледі.  

2023 жылы Одақ органдарына төрағалық еткен Ресей Федерациясының атынан АТМӘЭК-тағы Ресейдің тұрақты өкілінің орынбасары Олег Шаманов сессияға қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.

БҰҰ АТМӘЭК алаңында ЕЭК делегациясының ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Сохаил Ханмен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар 17 наурызда Мәскеуде өткен ЕЭК Алқасының төрағасы мен ШЫҰ Бас хатшысының кездесуі барысында келісілген уағдаластықтардың іс жүзінде жүзеге асырылуын талқылады. Еуразиялық аймақтың экономикалық байланысына қол жеткізуге бағытталған нақты жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты.

Анықтама

БҰҰ АТМЭӘК аясында тұрақты даму бойынша 10-шы Азия-Тынық мұхиты форумының жұмысына көптеген ұлттық делегациялар қатысты, олардың арасында: Ресей, Қазақстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Пәкістан, Австралия, Түрікменстан, Моңғолия, Камбоджа, АҚШ, Непал, Мальдив аралдары, сонымен бірге Еуропалық Одақ, Халықаралық Қызыл крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының Федерациясы және басқалары да бар.

2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Әлемді өзгерту. 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібі» қарарын қабылдады. Тұрақты даму күн тәртібі 17 мақсат пен 169 міндетті қамтиды, олар кешенді және тұрақты дамудың үш компоненті – экономикалық өсу, әлеуметтік интеграция және экологиялық тұрақтылықтың тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.

2022 жылы қараша айында ЕЭК Статистика департаменті«Еуразиялық экономикалық одақ өңірінде Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу» жинағын жариялады. Жинақта 2017-2021 жылдар ішінде Еуразиялық экономикалық одақта ТДМ-ның өңірлік тізбесінің көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі статистикалық деректер бірінші рет берілген. Өңірлік тізбеге 130 индикатор, оның ішінде жаһандық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ұсынылған 63 индикатор, сондай-ақ ЕАЭО-дағы даму басымдықтарын көрсететін 67 индикатор кірді.