Жаңалықтар

28.10.2021 (Обновлено: 30.03.2022 15:03)

ЕЭК ортақ энергия нарықтарын құру жұмысын жалғастырады

Еуразиялық экономикалық комиссия ортақ мұнай және газ нарықтарын құру жөнінде елдермен өзара іс-қимылды жалғастыруда. Бейінді Консультативтік комитеттің отырысында «бестік» елдерінің өкілдері ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын қалыптастыру туралы шарт жобасының келісілмеген ережелерін, сондай-ақ ортақ газ нарығын құру жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысын қарады. Екі жоба да Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграцияны тереңдетуге бағытталған. Отырыс ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбековтің төрағалық етуімен өтті.

Келіссөздер барысында тараптар нарықтарды іске қосу үшін әзірленіп жатқан нормативтік құжаттардың әртүрлі ережелерін талқылады.

Атап айтқанда, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу басымдылығының сезімтал мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен келісөзді жалғастыру жоспарлануда.

Одақтың ортақ газ нарығына қатысты келгенде, ортақ нарықты қалыптастырудың бірінші және екінші кезеңдерін одан әрі іске асыру жөніндегі тәсілдемелер, соның ішінде бірқатар іс-шараларды орындауды түзету мен мерзімдерін ұзарту тұрғысынан келісілді. Практика көрсеткендей, мұндай іс-шараларды аяқтау түйінді құжатқа - Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қол қоюға тікелей байланысты, онда нарықтың жұмыс істеуінің қағидатты жағдайлары айқындалатын болады. Өйткені мерзімдерді түзету Еуразиялық «бестік» мемлекеттері басшыларының шешімі бойынша ғана мүмкін болатындықтан, осындай тақырып олардың қарауына ұсынылуы да ықтимал.

Тұтастай алғанда, ортақ нарықтарды құру үш кезеңде жүзеге асырылады. Қорытындылаушы үшінші кезеңінде – 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін - ортақ нарықтарды қалыптастыру туралы халықаралық шарттың күшіне енуі көзделген, мұнда оның құрылуы мен жұмыс істеуінің түйінді мәселелері көрініс табуға тиіс. Ортақ нарықтарды қалыптастыру және ұлттық заңнаманы үндестіру жұмысы ЕАЭО туралы шарттың, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, ортақ газ нарығын қалыптастырудың Тұжырымдамасы мен Бағдарламасының базалық қағидаттарын ескере отырып жүргізіледі.