Жаңалықтар

20.11.2023 (Обновлено: 23.11.2023 17:39)

ЕЭК ЕАЭО мен ҚХР арасындағы кедендік ынтымақтастық және сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі кіші комитеттің отырысын өткізді

Кедендік ынтымақтастық және сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі кіші комитеттің отырысында, бір тараптан, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері, екінші тараптан – Қытай Халық Республикасы Бас кедендік басқармасы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін қарады.

Сөз цифрлық (зияткерлік) кеденді дамыту және перспективалы кедендік технологияларды, "бірыңғай терезе" механизмін ендіру, "уәкілетті экономикалық оператор" институтын, электрондық кедендік транзитті жетілдіру, сондай-ақ "Еуразиялық агроэкспресс" жобасын іске асыру туралы болды.

Отырыста Одақ пен оған мүше мемлекеттер тарапынан ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Сергей Владимиров төрағалық етті.

"Қытайлық әріптестермен диалогты дамыту Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру шеңберіндегі жұмыстың өзекті бағыты болып табылады", – деп атап өтті Сергей Владимиров. Оның пікірінше, перспективалы кедендік технологияларды қолдануды қоса, кеден әкімшілігін жүргізудің түрлі мәселелері бойынша ҚХР-мен тәжірибе алмасу ойдағыдай кедендік ынтымақтастықтың маңызды аспектісі болып табылады.

Одақ пен ҚХР кеден қызметі арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырудың құқықтық негізі 2018 жылғы 17 мамырдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім болып табылады, оның 6-тарауы кедендік құн, тауарларды сыныптау, тәуекелдерді басқару, тауарларды уақытша әкелу және кедендік аумақта қайта өңдеу, тауарларды шығару, "бірыңғай терезе" сияқты кедендік реттеудің құқықтық институттарын, шекараны үйлестірілген басқару, уәкілетті экономикалық оператор, сондай-ақ кедендік ынтымақтастық, ақпараттық технологияларды, кедендік инфрақұрылымды қолдану мәселелерін, алдын ала шешімдерді, ақпарат алмасуды және т.б. сөз етеді.

Отырыс барысында тараптар кіші комитет ЕАЭО мен ҚХР арасындағы кедендік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін одан әрі талқылау алаңына айналатынына сенім білдірді.

Анықтама

Кедендік ынтымақтастық және сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі кіші комитет, бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және, екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы 2018 жылғы 17 мамырдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 6.24-бабына сәйкес бекітілді. Кіші комитетке мынадай функциялар жүктелген: Келісімнің 6-тарауын тиісінше іске асыруды қамтамасыз ету және оны қолдануға байланысты туындайтын барлық мәселені шешу; осы тарауға қатысты тараптар арасындағы сауданы оңайлату мақсатында жетілдірілуі мүмкін салаларды айқындау үшін Келісімнің 6-тарауын іске асыру мониторингін жүзеге асыру; тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ақпарат алмасуды жүзеге асыру, сондай-ақ бірлескен комиссия алдында ұсынымдар мен есеп дайындауды жүзеге асыру.