Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитеттің отырысы өтті, онда Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті есебінен өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесудің жаңа механизміне қатысу үшін бизнес өкілдерінен келіп түскен алғашқы өтінім қарастырылды.
Өтінім Комиссияға «Газпромбанк» АҚ-тан келіп түсті және ресейлік «Титан Полимер»ЖШҚ компаниясының жобасына қатысты болды. Жоба аясында технологиялық жабдықтарды жеткізу бөлігінде ЕАЭО елдері кәсіпорындарының кооперациялық қатысуы көзделген.
«Жоба Одақ елдері арасында технологиялық жабдықты, мысалы, электротехникалық, қазандық және өртке қарсы жабдықтарды жеткізуде кооперация жасауға мүмкіндік береді. Оны іске асыру нәтижесінде химия саласында заманауи импортты алмастыратын кешен құрылатын болады», – деп атап өтті Гоар Барсегян.
Консультативтік комитет ЕАЭО-ның Жалпы ақпараттық ресурстар порталындағы «Өнеркәсіп» бөлімінде орналастыру үшін технологиялар трансфері, өнеркәсіпте ғылыми-техникалық ақпарат алмасу, мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік меншікті есепке алу салаларында құзыреті бар ұйымдардың тізбесін және Одақта өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ғылыми-техникалық ақпарат және тәжірибе алмасуға бағытталған ақпараттық ресурстардың тізбесін келісімге алды.
Сонымен қатар ЕАЭО мемлекеттерінің түсті металлургиядағы интеграциялық ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Одақ елдері осы саланың дамуына аналитикалық шолуды мақұлдады.
Шолуда Одақтың әлемдік нарығындағы және түсті металдар нарығындағы ағымдағы ахуал туралы ақпарат, олардың орта мерзімді перспективаға арналған даму болжамдары, бірлескен жобалардың мысалдарымен бірге ЕАЭО-дағы осы және аралас салалардағы кооперациялық ынтымақтастықты дамыту туралы мәліметтер келтірілген. Сондай-ақ, құжатқа түсті металлургияда жасыл күн тәртібін іске асыру туралы ақпарат енгізілген.