Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысында ҚҚС салық салу мақсаттары үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер тізбесі бекітілді.
Тізбе 14 көрсетілетін қызметтен тұрады, оларды көрсету ақпараттық жүйелер арқылы, соның ішінде Интернет арқылы жүзеге асырылады, ақпараттық технологияларды пайдаланбай іске асыру мүмкін емес. Жаңа қағидалар бойынша Еуразиялық экономикалық одақ аумағында электрондық нысанда көрсетілетін қызметті бекітілген тізбеден трансшекаралық сатып алу кезінде ҚҚС салық салу осындай қызметті сатып алушының орналасқан жері бойынша жүзеге асырылатын болады.
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, ЕЭК Кеңесінің электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер тізбесін бекітуі электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің ҚҚС салық салу тәртібін реттеу бойынша ЕАЭО-да жүргізілетін кешенді жұмыстың соңғы кезеңі болып табылады. Ол 2022 жылғы 9 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мемлекет басшыларының Электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде ҚҚС әкімшілігін жүргізу тәртібін реттейтін базалық хаттамаға қол қойғанын еске салды.
"Бүгін бұрын қол қойылған Хаттама өз күшін қолданатын көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесі бекітілді. Сөйтіп, Одақ аумағында көрсетілетін қызметтердің интернет-саудасы үшін ашық және дұрыс болжанған орта қамтамасыз етілді. Электрондық сауда саласы үнемі дамып отырады, соның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлері пайда болады, сондықтан Комиссия қажет болған жағдайда ҚҚС-қа салық салу мақсаттары үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту үшін осы саланың мониторингін жалғастырады",- деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттамаға мүше мемлекеттердің басшылары 2022 жылғы 9 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қол қойды. Бүгінгі таңда ратификациялау рәсімі өтуде. Хаттаманы Армения Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы ратификациялады. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Хаттаманы 2023 жылдың аяғына дейін ратификациялайды деп күтілуде.