Цифрлық әлемдегі тұтынушылар мен бизнестің проблемалары, электрондық сауда жасауға қатысушылардың өзара іс-әрекетінің тиімді схемаларын және адал тәжірибелерді дамыту мәселелерін Минскідегі «ТИБО – 2023» халықаралық форумының алаңында өткен V Еуразиялық цифрлық форумның тақырыптық панельдік сессиясының спикерлері талқылады.
«Экономиканың цифрлық трансформациясы жағдайында тұтынушылық және кәсіпкерлік тәуекелдерді төмендету Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің одан әрі интеграциялық дамуының негізгі факторы болып табылады. Қоғамның, бизнестің және мемлекеттің өзара іс-қимылының айқын тетіктері мен ашық схемаларын қалыптастыру ЕАЭО кеңістігінде әділ цифрлық тұтыну нарығын дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті сессия модераторы Еуразиялық экономикалық комиссияның Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралар департаментінің директоры Наталья Жукова.
Наталья Жукованың айтуынша, электрондық сауда саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы тәсілдерін әзірлеу – Одаққа мүше мемлекеттердің 2025 жылға дейінгі бірлескен дамуының негізгі бағыттарының бірі. Мұндай жұмыс Комиссия алаңында жүргізіледі және қоғамның осы саладағы үздік іскерлік тәжірибелері мен қажеттіліктеріне негізделеді.
ЕАЭО елдерінің бизнес-қауымдастықтарының, интернет-алаңдарының, мемлекеттік, ғылыми және қоғамдық органдары мен ұйымдарының басшылары тұтынушылардың мүддесін білдіре отырып бизнеске мемлекеттік бақылау жасау мен өзін-өзі реттеуді дамытудың жаңа үрдістері мен перспективаларын талқылады. Тұтыну нарығын контрафактілік және жалған өнімдерден қорғау элементтерінің қатарында адал сауда жасау қағидаттарын енгізудің озық практикалық тәжірибесі, сондай-ақ сенімді онлайн-алаңдардың тізілімін жүргізу тәжірибесі қарастырылды.
Талқылауға қатысушылар цифрлық және тұтынушылық сауаттылықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Наталья Жукова атап өткендей, нарық қатысушыларының хабардар және құзыретті болуы экономиканы дамытудың негізгі факторлары болып табылады. 2023 жыл ЕАЭО-да «Сауатты тұтынушы – адал бизнес» ұранымен өтуде. Тұтынушылардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша халықпен және кәсіпкерлермен ақпараттық жұмыс мүше мемлекеттердің бірлескен қызметінің назарында және ЕАЭО-ның әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне жауап береді.
Сессияға қатысушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ЕАЭО елдерінің бірлескен іс-қимылдарының маңызды бағыты ретінде тұтынушылық дауларды реттеу механизмдерін айқындау жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Анықтама
Комиссия 19 сәуірде «Цифрлық әлемдегі тұтынушылар және бизнес: дағдарысқа қарсы өзара іс-әрекет схемалары» атты тақырыптық панельдік сессиясын 18-21 сәуір аралығында Минскі қаласында (Беларусь Республикасы) өтіп жатқан «ТИБО-2023» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі XXIX халықаралық форумның алаңында ұйымдастырылған V Еуразиялық цифрлық форумның іскерлік бағдарламасы аясында өткізді.
«ТИБО» форумы – озық халықаралық тәжірибе алмасуға, инновациялық біліммен бөлісуге және экономиканың әртүрлі секторларына, әлеуметтік салаға және мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа технологиялық трендтерді енгізу тетіктерін талқылауға арналған бірегей алаң.