25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО аясында экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық бағыт» декларациясына қол қойды.
Бұған дейін Ресей Федерациясы 2023 жылы Одақ органдарында төрағалық ету аясында ЕАЭО дамуын ұзақ мерзімді жоспарлау жөнінде жаңа құжаттарды дайындау туралы бастама көтерген болатын.
Декларацияда Одақтың 2045 жылға қарай ЕАЭО-ны «экономикалық-технологиялық және зияткерлік көшбасшылыққа ие және мүше мемлекеттер халқының әл-ауқатының жоғары деңгейін қолдайтын әлемнің барлық елдері үшін өзін-өзі қамтамасыз ететін, үйлесімді дамыған және тартымды макроөңірге» айналдыру жолындағы 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаға арналған міндеттері айқындалған.
Құжатта алты бағыт көзделген:
- ортақ нарықты негізгі тауарлармен және ресурстармен қамтамасыз ету және оның тиімді қызметі;
- технологиялық даму саласындағы кооперациялық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың ортақ кеңістігін қалыптастыру;
- жалпы көліктік-логистикалық кеңістікті қалыптастыру;
- жалпы қаржы нарығын қалыптастыру;
- интеграциялық әлеуеті бар салаларда экономикалық ынтымақтастықты дамыту;
- ЕАЭО-ның халықаралық аренада экономикалық тартылыс полюсі ретінде жұмыс істеуі.
Белгіленген міндеттерді шешу үшін қолданыстағы тетіктерді де, жаңа тетіктерді де: кооперациялық әлеуетті дамыту мақсатында табиғи ресурстарды пайдалануды, цифрлық технологияларды дамытуды, жасанды интеллект жүйелерінің әлеуетін ашуды және оны қолдануды қамтамасыз етуді, агроөнеркәсіптік кешенде инновациялық тәсілдерді енгізуді және басқаларды көздейтін экономикалық өзара іс-қимыл салалары бойынша ЕАЭО-ны дамытудың түйінді бағыттары айқындалды.
«Аталған міндеттерді іске асыру Еуразиялық экономикалық комиссия қызметінің тиімділігін арттыру, оның ішінде қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті күшейту, Комиссия жұмысының ашықтығын арттыру, Алқа мүшелеріне ауыс-түйіс жүргізу рәсімдерін жетілдіру және тәуелсіз конкурстық іріктеу жүргізу, тәуелсіз және бейтараптық қағидаттары негізінде олардың кәсіби қызметі және еңбек жағдайлары тең болу талабымен Комиссия қызметкерлерінің бос лауазымдарына жұмысқа орналасуы үшін мүше мемлекеттердің азаматтарына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді қоса алғанда, Комиссия қызметкерлерінің кадрлық құрамын қалыптастыру арқылы сүйемелденуі тиіс», – делінген құжатта.
Комиссияға Одақ мемлекеттерімен бірлесіп 2025 жылы Декларацияны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірлеу және бекіту міндеті тапсырылды.