Жаңалықтар

13.09.2023

Одақ мемлекеттері үшжақты кооперациялық жобаларды қалыптастыру үшін күш жігерін белсендіруде

13 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалянның төрағалығымен Еуразиялық экономикалық одақ аясында өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларындағы Кооперация және импортты алмастыру жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.

Кеңеске қатысқан ЕАЭО-ның атқарушы билік органдары мен салалық концерндері басшыларының орынбасарлары еуразиялық «бестік» елдері деңгейінде кооперацияны қолдау және импортты алмастыру тетіктеріне қатысты бірқатар түйінді мәселелерді талқылады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылған сәттен бастап Кооперация және импортты алмастыру жөніндегі комиссияға ЕЭК-тің өнеркәсіптік блогы Одақ елдерінің уәкілетті органдарымен бірлесіп үйлесімді және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді және біз Одақ мемлекеттерінің басым салалардағы бірлескен кооперациялық жобаларын дамытуды ынталандыру үшін бірқатар маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдауымыз қажет», — деді Артак Камалян.

Комиссия мүшелері мүше мемлекеттердің атқарушы органдарының ЕАЭО-ның үш және одан да көп елдерінің қатысуымен осындай кооперациялық жобаларды қалыптастыру жөніндегі жұмысын жандандыру қажеттігі туралы шешім қабылдады. Кеңеске қатысушылар қаржы ұйымдары берген кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін Одақ бюджетінен субсидиялауды көздейтін кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесудің жаңа ұлттықтан жоғары тетігінің маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта бірлескен жобаларды іріктеу және іске асыру кезінде басшылыққа алынатын тиісті ереже пысықталуда. Жаңа тетік экономиканың нақты секторын дамыту мен нығайту үшін жинақталған әлеуетті едәуір дәрежеде іске асыруға көмектеседі. Сондықтан перспективалы кооперациялық жобаларды қалыптастыру бойынша елдеріміздің бизнесімен жұмысты белсенді жүргізу қажет», — деп атап өтті ЕЭК министрі.

Пікірталас аясында тараптар кооперацияны дамытуды ынталандырудың қаржылық емес тетіктерін қалыптастыру арқылы ЕАЭО-ның өнеркәсіптік әлеуетін шоғырландырудың орындылығын атап өтті, сондай-ақ Одақтың ресми сайтында жарияланған ЕАЭО-ның Индустрияландыру картасын өзектендіруге келісті. Бүгінгі таңда бұл құжат 25 саладағы 158 ірі инвестициялық және маңызды жобаларды қамтиды.

Отырыста сондай-ақ мүше мемлекеттердің индустриялық-инновациялық инфрақұрылым объектілері туралы ақпаратты қамтитын ЕАЭО-ның электрондық сервисін дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру мақұлданды.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық одақ аясында өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларындағы Кооперация және импортты алмастыру жөніндегі комиссиясы ЕЭК Алқасының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы № 225 өкімімен құрылған.

Комиссияның негізгі міндеттері Одақ деңгейінде өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларында кооперация және импортты алмастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға кешенді жәрдемдесу; Одақ деңгейінде өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларында кооперацияны және (немесе) импортты алмастыруды қолдау тетіктері мен құралдарын әзірлеу; ЕАЭО деңгейінде кооперациялық импортты алмастыратын өндірістік тізбектерді құруға жәрдемдесу; Одақ мемлекеттерінде, ішкі және сыртқы нарықтарда өндірілетін жоғары технологиялық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу; мүше мемлекеттерде өндірілетін бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған шараларын әзірлеу болып табылады.