Еуразиялық үкіметаралық кеңес Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндаманы қарады. ЕЭК-тің алдын ала бағалауы бойынша, 2024 жылы ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ 4% өсті, бұл орташа әлемдік өсу қарқынынан (3,2%) және бастапқы болжамдардан жоғары. Өзара тауар саудасының құндық көлемі 2024 жылы басқа интеграциялық бірлестіктердегі сыртқы және өзара саудамен салыстырғанда жоғары қарқынмен өсе түсті және 2026 жылға қарай шамамен 100 млрд АҚШ долларына жетеді.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес Комиссияға Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенге және оның инфрақұрылымына бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмдерін кеңейту мәселесін пысықтауды тапсырды. Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, Одақтың ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескере отырып, ЕАЭО бюджетінің қаражатын пайдалану арқылы АӨК-ті қолдау жағдайлары және ұлтүсті заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер туралы ұсыныстар дайындайды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Еуразиялық көлік дәліздеріне кіретін теміржол, автожол және порт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шаралары туралы 2022-2024 жылдардағы баяндаманы қарады. Еуразиялық көлік дәліздерінің үлесіне ЕАЭО-дағы транзиттік тасымалдар көлемінің шамамен 70%-ы тиесілі, бұл әрбір елдің ұлттық учаскелерін дамытуда қадамдастырудың маңызды екенін көрсетеді.