Жаңалықтар

03.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО-ның стратегиялық даму мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 сәуірде Астанада Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевты қабылдады.

Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективалары талқыланды.

Атап айтқанда, ЕАЭО ішкі нарығының қызметі, өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыру және қосылған құн тізбегін құру, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы жетілдіру мәселелері қаралды.

Цифрлық проблематикаға жаңа тәсілдерді әзірлеу мен іске асыруға, оның ішінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Бақытжан Сағынтаев осы жылы Комиссия ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларына жаппай цифрландыру жағдайында «төрт еркіндік» принципін ұсынатынын айтты.

ЕЭК Алқасының төрағасы еуразиялық «бестіктің» 10 жылдағы негізгі жетістіктері туралы да хабардар етті.

Мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда екі есеге жуық өсті, ал сыртқы сауда айналымы 60%-ға өсті. ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ 2,4 трлн долларды құрайды, басқа да макроэкономикалық көрсеткіштер оң динамиканы көрсетіп отыр.

Интеграциялық процестерді дамыту перспективаларын талқылай отырып, тараптар Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында белгіленген бастамаларды іске асыруын қарастырды.

Кездесу барысында сыртқы тректе ЕАЭО қызметін күшейту, үшінші елдермен және халықаралық бірлестіктермен (ШЫҰ, БРИКС, АСЕАН, Анд қоғамдастығы және т.б.) өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Еуразиялық экономикалық комиссияның алдына жаңа міндеттер қойды.