Жаңалықтар

20.09.2023

ЕЭК Алқасы монополияға қарсы тергеп-тексеру барысында мәліметтерді ұсынбағаны үшін қағаз өндірушіге айыппұл салды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімімен қағаз өндірушіге – ресейлік целлюлоза-қағаз зауытына, кәсіпорынның басқарушы компаниясына, сондай-ақ бас директорға қағаздың орамдар мен парақтардағы трансшекаралық нарығында бәсекелестік қағидаларының бұзылуы мүмкін екендігі фактісі бойынша тергеу барысында ақпарат бермегені үшін айыппұл салынды.

ЕЭК монополияға қарсы блогы жекелеген қағаз өндірушілердің орамдар мен парақтардағы үстем жағдайын теріс пайдалану және олардың Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт тыйым салған бәсекелестікке қарсы келісімдерді жасасу белгілері бойынша тергеп-тексеруді бастады. 

Материалдарды қарау шеңберінде Комиссия "Турин целлюлоза-қағаз зауыты" АҚ-дан, "ТУРА "ӨК" ЖШҚ басқарушы компаниясынан және оның бас директорынан қажетті ақпаратты сұратты. Сұрату тауар нарығын талдау, негізгі шаруашылық жүргізуші субъектілерді және олардың нарықтағы үлесін айқындау үшін қажетті стандартты мәліметтерді ұсынуға қатысты болды. Алайда белгіленген мерзімде шаруашылық жүргізуші субъектілер сұратылған мәліметтерді ұсынған жоқ.

ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Комиссия шаруашылық жүргізуші субъектілерге екі рет сауал жолдады, адресаттардың бұл хаттарды алғаны туралы ақпарат бар, бірақ ұлтүсті органның өтініші еленбеді. Осы факт бойынша Комиссия аталған заңды тұлғалар мен басқарушы компания басшысына қатысты іс қозғап, істі қарады.

"Тергеп-тексеру нәтижелері сұрату нәтижесінде алынған ақпарат жиынтығына негізделгенін атап өткен жөн. Деректердің толық болмауына байланысты Комиссия нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын қолдауға бағытталған өз өкілеттіктерін толық көлемде іске асыра алмайды", — деп атап өтті министр.


ЕЭК Алқасының шешімі жарияланған сәтінен бастап 30 күн өткен соң заңды күшіне енеді.