Еуразиялық экономикалық комиссия «Тұтынушы және кәсіпкер: даму үшін сенім арту» тақырыбын Еуразиялық экономикалық одақта 2024 жылға арналған басым тақырып ретінде бекітті. ЕЭК Алқасы 23 қаңтардағы отырыста Одақ елдері үшін тиісті ұсыным қабылдады.
Әлемдегі экономиканың тұрақсыздық жағдайында «еуразиялық бестік» елдері өздерінің бірлескен дамуында қоғам мен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланады. Одақтың барлық елдері тұрғындарының мүдделеріне сай келетін бірыңғай нарықты дамытудың басымдықтары Мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасында бекітілген.
2024 жылдың тақырыбы аталған бағдарламаға сәйкес қабылданды. Бұл тұтынушылар мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылы және олардың арасындағы сенім кеңістігін нығайту проблемаларына қоғамның назарын аударуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы Одақ елдері кәсіпкерлер мен қоғам мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау мәселелері бойынша ақпараттық және оқыту іс-шараларын жоспарлады. Алдағы жұмысқа барлық бес мүше мемлекеттің халқы қатыспақ. Бұл ЕАЭО-ның тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы саясатын кеңінен насихаттауға, қолданыстағы саясаттың мазмұнын кеңейтуге және Одақтың тұтыну нарығына қатысушылар арасындағы өзара адал қарым-қатынастарын қолдау мен дамыту бойынша жаңа механизмдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Анықтама
ЕАЭО-ның жыл тақырыбы алғаш рет 2023 жылы таңдалды. ЕЭК деректері бойынша таңдалған тақырыпқа сәйкес жүргізілген жұмыс 60 млн адамды қамтыды.
2024 жылдың тақырыбын Комиссия сайтында өткізілген қоғамдық дауыс беру қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет ұсынды.