тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
21.11.2024

Максим Ермолович: "Комиссияның ЕАЭО Сотымен бәсекелестік саласындағы өзара іс-қимылы Одақ құқығының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді"

Минскіде 21 қарашада өткен Еуразиялық экономикалық одақ Сотының VII халықаралық конференциясының пленарлық отырысында Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович өзі жетекшілік ететін блоктың Одақтың трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестікті реттеудің нормативтік-құқықтық базасын дамыту жөніндегі жұмысымен таныстырды.

ЕЭК министрі Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттамаға түзетулер енгізуді көздейтін "IV Үлкен Хаттама" жобасын дайындауды бөліп көрсетті. Оның сөзінше, өтініштерді (материалдарды) қарау, тергеп-тексеру жүргізу, трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібін реттейтін құжаттарды одан әрі жетілдіру жұмысы жүргізілуде.

Сессияда Комиссия мен ұлттық монополияға қарсы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін айқындайтын нарықты трансшекаралық нарыққа жатқызу критерийлеріне өзгерістер енгізуге бөлекше назар аударылды. Максим Ермоловичтің пікірінше, "мұндай ұлтүсті өкілеттіктерінің болуы ЕАЭО-ның интеграциялық бірлестік ретіндегі құқықтық табиғатын айғақтайды". Тең бәсекелестік жағдай жасаудың арқасында төрт еркіндік қағидатын толық мәнінде іске асыру қамтамасыз етіледі.

Комиссияның ЕАЭО Сотымен өзара іс-қимылына қатысты Максим Ермолович: "Біз Одақ Сотының практикасын мұқият талдаймыз және өзіміздің құқық қолдану әрі заң шығару қызметімізді түзетіп отырамыз. Біздің бәсекелестік саласындағы өзара іс-қимылымыз Одақ құқығының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді" деп атап көрсетті. Атап айтқанда, Комиссия жеке тұлғаларға ЕАЭО Сотына жүгіну құқығын беру үшін Одақ туралы шартқа өзгерістер дайындауды ұйымдастырды.