тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
30.10.2023

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекетаралық кооперация ЕАЭО-ның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян Арменияға жұмыс сапары аясында Лория облысының Ташир қауымдастығында «Еремян Проджектс» компаниялар тобының инновациялық мал шаруашылығы кешенінің ашылуына қатысты.

Жоба 2022 жылғы тамыз айында қол қойылған Армения Республикасының Үкіметі, Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) және «Еремян Фарм» компаниясы арасындағы үшжақты меморандумды іс жүзінде іске асырудың алғашқы қадамы болды. Құжаттың мақсаты – Арменияның азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету.

«Армения Республикасында мал шаруашылығын дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасының» міндеттеріне сәйкес келетін ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру саласындағы инвестициялық жоба ЕЭК-ті үйлестіру және ЕАДБ-ны қаржылық қолдау мақсатында іске асырылды, банк АӨК жаңа кәсіпорнын салу және жарақтандыру үшін 32 млн АҚШ долларын берді.

1,5 мың ірі қара малға есептелген заманауи мал шаруашылығы кешені небәрі 14 айда салынды. Оның қуаты күніне 45 мың литр сүтті құрайды. Кешеннің құрамына кіретін шошқа фермасы жылына 17 мыңға дейін мал басын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Ереванда сүт және ет өнімдерін қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталуда. Инновациялық мал шаруашылығы кешенінің басшылығы заманауи технологияларды пайдалану арқылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетінін атап өтті. Жобаны іске асыру аталған өңірде 120 қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бизнес пен қаржы институттарының ынтымақтастығы үшін тиімді алаң құруды қоса алғанда, кооперациялық ынтымақтастықты ынталандыру ЕЭК-тің өнеркәсіп блогы мен агроөнеркәсіптік кешені жұмысының аса маңызды басымдықтарына жатады. Арменияда жобаны жүзеге асыру бойынша құрылған өзара іс-қимыл аясында Ресейдің Калининград облысынан асыл тұқымды мал сатып алынады. Комиссия сарапшылары жаңа кәсіпорынның жұмысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ЕАЭО елдерінің АӨК саласын дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Анықтама

«Еремян Проджектс» компаниялар тобы – Армениядағы қоғамдық тамақтану, мейрамхана бизнесі, сервис, кәсіптік білім беру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі салалары бойынша көшбасшылардың бірі. 17 жыл ішінде компания өз қызметі барысында оннан аса батыл, бірегей тұжырымдамалық жобаларды жасап, жүзеге асырды, Армениядағы мейрамхана индустриясы мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосты. 2019 жылдан бастап компания айналмалы циклды қамтамасыз ету үшін Вайоц Дзорда асыл тұқымды мал фермасын, Тавуш өңірінде шошқа фермасын, Арарат өңірінде жем диірменін, Ереванда «Арцах» асхана-фабрикасын ашып, «Тұқымнан бастап дастарханға дейін» тұжырымдамасына негізделген бизнес-дамудың жаңа стратегиясын іске қосты және іске асырып келеді.