Жаңалықтар

03.02.2023

Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-да орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды мақұлдады

3 ақпанда Алматыда Үкіметаралық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндама ұсынды.

Баяндамада әлемдік экономиканың ағымдағы даму үрдістері, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық дамуының серпіні мен перспективалары туралы ақпарат қамтылған, өсу кедергілеріне талдау жасалған және Одақ елдері экономикасын дамытуды қолдаудың қағидаттары мен критерийлері ұсынылған.

Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауынша, ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1,9% қысқарады, рецессия тәуекелі 2023 жылы да сақталады. Бұл ретте экономиканың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, құрылыс жұмыстарының көлемі, негізгі капиталға инвестициялар сияқты түйінді көрсеткіштерінің өсуі байқалады, сондай-ақ еңбек нарығындағы белсенділік сақталады.

"Экономикалық өсу қарқынын арттыру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық дамуға, өндірісті жаңғыртуға, өнімділік пен тиімділікті арттыруға жұмсалымдарды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдағаны жөн. ЕАЭО-да қолда бар экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуетті пайдалану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының ішкі орнықтылығын сақтай отырып, ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ-нің жыл сайынғы 4,5-5,5% өсу траекториясына шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл болашақта мүше мемлекеттерді экономикалық даму деңгейі бойынша жақындастыруға жағдай жасайды», — делінген баяндамада.
Комиссияның талдауы көрсеткендей, көптеген ел мен интеграциялық бірлестіктің ойдағыдай тәжірибесі жаңа өндірістік қуаттарды құру жөніндегі белсенді мемлекеттік саясат, өңірлік және жаһандық өндірістік-өткізу тізбектеріне жаңа өндірістерді кіріктіру, шығарылатын өнімнің экономикалық күрделілігін арттыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қаржыландыру механизмдері мен құралдарын кеңейту сияқты факторларға негізделген.

Баяндама Комиссияның сайтында жарияланатын болады.