Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко Еуразиялық экономикалық комиссия атынан және жеке өз атынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі әріптестері мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі өз еңбек қызметін стандарттаумен байланыстырған әріптестерін Дүниежүзілік стандарттар күнімен құттықтады.
2023 жылы мерекелік іс-шаралар "Үздік әлем үшін ортақ пайым: ОДМ 3-ті енгізу" ұранымен өтеді. Осы жылдың басымдықтары болып саламатты өмір салтын қамтамасыз ету және жалпыға бірдей игі сау-саламаттыққа жәрдемдесу болып белгіленді.
"Орнықты дамудың мәлімделген мақсатына қол жеткізу үшін қауіпсіз тамақ өнімдерін өндіруді, тиімді дәрілік заттарға, вакциналар мен медициналық бұйымдарға қол жеткізуді қамтамасыз ету, энергия тұтынуды және қауіпті заттардың адамға және қоршаған ортаға әсерін азайту жөніндегі технологияларды ендіру маңызды бағдар болып табылады. Мұны іске асырудың танылған және пәрменді құралы осы салаларда қазіргі заманғы стандарттарды әзірлеу мен қолдану болып табылады", - делінген құттықтау адресінде.
Виктор Назаренко стандарттар өнімнің қауіпсіздігін, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің, саудадағы техникалық тосқауылдарды жоюдың, елдердің экономика саласының инновациялық дамуына жәрдемдесудің, экономикалық дамудың қазіргі кезеңінің сын-қатерлері мен жаңа міндеттерін бірлескен күш-жігермен жеңуге көмектесетін тиімді құрал болды және болып қала береді, - деп атап өтті.
"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын дамыту үшін техникалық реттеу мен стандарттаудың рөлі мен маңыздылығын түсіне отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Одақ елдері ауқымды кооперациялық және инновациялық жобаларды интеграциялау мен іске асырудың бағыттарын дамыту үшін Одақ құқығын жетілдірудің перспективалық бағыттарын әзірлеуге және халықаралық, өңірлік және ұлттық стандарттарды қоса, стандарттау саласында стандарттау жөніндегі ұлттық органдармен үйлестірілген саясатты әзірлеуге, қолжетімді құралдарды жаңа стандарттарды дамыту үшін пайдалануға ерекше мән береді", - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Виктор Назаренко әріптестеріне белгіленген жоспарларын іске асыруда табысқа жете беруді, Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы және сұранысқа ие стандарттарды әзірлеу жолында жемісті қызмет етуді тіледі.