Жаңалықтар

29.03.2024

ЕАЭО Энергетика министрлері ортақ энергия нарықтарын құрудың қағидатты мәселелерін талқылады

Одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтың төрағалық етуімен ЕАЭО-ның ортақ энергия нарықтарын құрудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары мен бағыттарын қарады. Жоғары деңгейлі кеңес 29 наурызда ЕЭК алаңында өтті.

Тараптар Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттарды дайындаудың жекелеген аспектілері мен барысын талқылады. "Біз таяу уақытта Одақ органдары деңгейінде келісілмеген мәселелерді нысаналы талқылауды жалғастыруға ниеттіміз", – деп хабардар етті ЕЭК министрі.

Энергетика министрлері сондай-ақ ортақ энергия нарықтарының жұмыс істеуінің тұйықты мәселелері бойынша өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізуді мақсат тұтатындарын растады.

Кеңес барысында тараптар сондай-ақ мүше мемлекеттердің және тұтастай ЕАЭО-ның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде қабылданып жатқан шаралардың жеткілікті екендігін айқындап айтты, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға ниет білдірді.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бірқатар позиция бойынша бірлік көрсетіп отыр. Энергия ресурстарының ортақ нарықтарын құру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ЕАЭО елдерінің ортақ әрі маңызды міндеті болып табылады", – деп атап өтті Арзыбек Кожошев.