Жаңалықтар

25.05.2022 (Обновлено: 21.06.2022 11:42)

ЕАЭО елдерінің Көлік министрлері Одақтың көлік саласын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады

Еуразиялық экономикалық форум қарсаңында 25 мамырда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің отырысы болып өтті, оған министрлер мен олардың орынбасарлары қатысты.
Іс-шара Қырғыз Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі Эркинбек Осоевтың төрағалық етуімен гибридті форматта өтті.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі отырысының түйінді тақырыбы — Одақтың көлік саясатын іске асыру жөніндегі іс-шараларды орындау болды.

Көлік ведомстволарының басшылары ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбековтың Одақтың көлік саясатын іске асыру жөніндегі жол картасының 2021-2023 жылдарға арналған іс-шараларын орындау туралы ақпаратын тыңдады.

Атап айтқанда, Темирбек Асанбеков: «Ағымдағы жылға құжатта көзделген 19 іс-шараны орындау жоспарланған. Екі халықаралық шартқа қол қою, Одақ органдарының үш актісін және Алқаның жеті ұсынымын қабылдау, сондай-ақ алты талдамалы баяндама жариялау белгіленген. Бұлар бойынша жұмыс белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуде», — деп атап өтті.

Отырысқа қатысушылар халықаралық шарттарға қол қоюға және оларды іске асыруға ерекше назар аударды. Мәселен, министрлер Еуразиялық көлік дәліздеріне кірістірілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің автомобиль жолдарымен жүру кезінде көлік құралдарының жол берілетін массалары, осьтік жүктемелері және габариттері туралы келісімді жедел қабылдау туралы ниеттерін растады, сондай-ақ кемелер экипаждарының ең аз құрамына қойылатын талаптар туралы халықаралық ведомствоаралық шарттың жобасын дайындауға қатысты жұмысты жандандыру туралы уағдаласты.

Отырысқа қатысушылар тасымалдаудағы ағымдағы жағдаятты жеке талқылады. Теңдессіз жаһандық экономикалық сын-қатерлер жағдайында Одаққа мүше мемлекеттер арасында көлік саласындағы интеграциялық процестерді тереңдету жалғасуда. Мәселен, Беларусь Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушы Алексей Ляхнович отырысқа қатысушыларды Армения Республикасының Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігі басшылығымен үшінші елдермен автомобиль тасымалдарын ырықтандыру туралы қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар туралы хабардар етті.

Бұдан басқа, отырыс шеңберінде министрлер Еуразиялық экономикалық форумның «Көлік кешені — Еуразиялық экономикалық интеграцияның тірегі» панельдік сессиясының қорытындысы бойынша қабылданатын қарарды келісті.

Министрлер интеграциялық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуді қолдады. Атап айтқанда, ЕАЭО және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Көлік министрлерінің бірлескен кездесуін өткізу туралы шешім қабылданды. Кездесудің жай-жапсарын ШЫҰ Хатшылығымен пысықтау ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбековке тапсырылды.