Жаңалықтар

26.05.2022 (Обновлено: 14.06.2022 17:00)

Бішкектегі форумда ЕАЭО елдерінің энергетикалық дәліздерін құру перспективасы бағаланды

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің энергетикалық дәліздерін құру перспективасы энергетика мен көлік инфрақұрылымына арналған панельдік пікірсайыста талқылаудың тақырыбы болды. 26 мамырда Бішкекте өткен 2022-Еуразиялық экономикалық форум алаңында осы саладағы сарапшылар өз пікірлерімен бөлісті.

Тақырыптық сессияның қатысушылары атап өткендей, жаһандық сын-қатерлер, әлемдік экономика дағдарысының күшеюі және санкциялық қысым жағдайында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың орнықты дамуына қауіп төндіретін сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан тәуелсіз болу мәселелері өзектілік алуда. 

Мұндай жағдаятта Еуразиялық «бестік» елдерінің энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарының және олардың үйлестірілген энергетикалық саясат жүргізуінің рөлі мен құндылығы күшейе түседі. Сөз бірінші кезекте бәсекеге қабілетті энергетикалық нарықтар құру арқылы жиынтық энергетикалық әлеуетті тиімді пайдалану туралы болып отыр. 

Бұл ретте мүше мемлекеттердің күш-жігері ЕАЭО шеңберінде ресурстық базаны қалыптастыруға, сұраныс пен ұсынысты болжауға, энергия секторына инвестициялар тартуға, энергиямен жабдықтау қауіпсіздігіне және жаңа технологияларды дамытуға байланысты мәселелерге шоғырландырылуға тиіс.

«Ағымдағы жағдайларда дағдарыстың теріс салдарын еңсеруге, Еуразиялық интеграцияның артықшылықтарын тиімді пайдалану жөнінде күш-жігер біріктіруге шоғырланғанымыз маңызды», — деп атап өтті ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбеков. 

Қырғызстанның, Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтың Энергетика министрлері мүше мемлекеттердің энергетика саласын дамытуға деген өз көзқарастарын білдірді. 

Ресей Энергетика министрі Николай Шульгиновтің пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жаңа құбыржолдар салу және қолданыстағыларын кеңейту керек. Оңтүстік Азияға құбыржолдың елеулі перспективасы бар. Ол қауіпсіздік мәселелерін қайта ой елегінен өткізуге мәжбүрлейтін түбегейлі өзгерістерді және газ бен басқа өнімдерді жеткізу жөніндегі жаңа дәліздерді атап өтті. 

Н.Шульгинов Ресей Федерациясының ОА елдерінің үйлестіруші энергетика кеңесінде байқаушы мәртебесі бар екенін, бірақ оның толық құқылы мүшесі болғысы келетінін еске салды. «Бүгінде таяудағы жоспар бірыңғай жүйеден 2009 жылы шыққан Тәжікстанның энергетика жүйесімен қадамдастыру. Және басқа да, Ресей, Қырғызстан, Қазақстан мүдделі болып отырған CASA-1000 маңызды жобасы бар», — деп ЕАЭО шеңберіндегі бұдан арғы ынтымақтастықтың перспективалары туралы ой бөлісті Николай Шульгинов.

РФ министрі Сібірден Қырғызстан мен Қазақстанға энергия ағылуы мүмкін екендігін ұсынды, бұл өз кезегінде барлық проблеманы жайластырып, интеграцияны тиімді пайдалану элементтерінің бірі болады. «Өңірлік кооперация аса күшті қатерлерге қарсы тұруға және интеграцияны күшейтуге көмектеседі» деп қорытындылады ол.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық форум ЕАЭО органдарында төрағалық ететін Одақ мемлекеттерінде кезекпен өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық саладағы жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы болып табылады.

Форумға қатысу тегін. Еуразиялық экономикалық форумның бағдарламасымен ресми сайтта танысуға болады.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі