Жаңалықтар

25.01.2023 (Обновлено: 31.01.2023 10:17)

ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары тағы 55 позициямен толықтырылды

ЕЭК Кеңесі оларды орындау кезінде тауар ЕАЭО-да шығарылған болып есептелетін және Одақ мемлекеттеріндегі мемлекеттік сатып алуға жіберілуі мүмкін өндіріс талаптарын тағы 55 тауар позициясы бойынша бекітті.

Мемлекеттік сатып алу мақсаты үшін тауарлардың жекелеген түрінің шығарылған елін айқындау қағидаларына № 1 қосымшаға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұндай тауарларға әуеайлақтың сүйреп тартқыштары, 3Д-принтерлер, микрофондар, дауыс зорайтқыштар, телефондар, дыбыстық қондырғылар, есептеу машиналарының құрылғылары мен қуат көздерінің схемалары, сканерлер, биометриялық кешендер, жарықдиодты шамдар, талшықты-оптикалық кабельдер, тыныс алу аппараттары және басқа тауарлар кірді. Енгізілген өзгерістер барлығы бес салаға қатысты болды, олар: станок жасау, арнайы машина жасау, медициналық бұйымдар өндірісі, музыкалық аспаптар, сондай-ақ дыбыстық жабдықтар, электроника және радиоэлектроника.

Барлық талап пен өндірістік операциялар ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен және бизнесімен келісілген.

ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, ЕЭК Кеңесінің шешімі Одақ елдері өндірушілерінің бір-бірінде мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін елеулі түрде кеңейтеді.

"Қабылданған талаптар мен технологиялық операциялар Одақ мемлекеттерінде құрылған өндірістік қуаттарды процесте іске қосуға мүмкіндік береді, импорт алмастыру мен өндірістің релокациясы жағдайында мұның маңызы кем емес", — деп түсіндірме жасады министр.

 

Анықтама

Қабылданған шешімді ескере келгенде, ЕЭК Кеңесінің 2020 жылғы 23 қарашадағы № 105 шешімімен бекітілген Мемлекеттік сатып алу мақсаты үшін өнеркәсіп тауарларының жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидалары өнеркәсіптің 14 саласындағы 375 тауар атауы бойынша өндіріс талаптарын қамтиды. Бұдан басқа, Қағидалар СТ-1 сертификаты негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысуға жол берілетін 102 тауар позициясын қамтиды.