Жаңалықтар

03.02.2023

ЕАЭО елдерінің автоөнеркәсіп кәсіпорындары кооперациялық ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетке ие

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян бұл туралы Алматыға сапары шеңберінде Қазақстандағы автомобиль өндірісі бойынша қарымды кәсіпорынның бірі — Hyundai Trans Kazakhstan зауытында мәлімдеді.

Зауыт алаңындағы жұмыс кеңесі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері кәсіпорындарының кооперациялық ынтымақтастығы, атап айтқанда Қазақстан Республикасының кәсіпорындарына ЕАЭО мемлекеттерінде өндірілетін, автомобиль техникасына арналған жиынтықтауыштар жеткізілімін кеңейту мәселелері талқыланды.

Сапар барысында сондай-ақ салалық мәселелердің кең ауқымы бойынша, соның ішінде қазақстандық автомобиль жасау кәсіпорындарының ЕАЭО-ның басқа мемлекеттеріндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуына, көлік құралдарын сертификаттау мәселелеріне, ұлттық кәсіпорындардың автомобиль өндірісін дамытуға қатысу перспективаларына орай пікір алысу болды.

"Интеграциялық әлеует есебінен біздің елдеріміздің экономикасының басым секторларын, атап айтқанда автомобиль жасауды қолдау жаңа әрі қазіргі бар кооперациялық жобаларды құру және тереңдету үшін маңызды шарт болып табылады, бұл әсіресе экономиканың жалпы құлдырауына және бірқатар сыртқы нарықтың жабылуына байланысты ағымдағы экономикалық жағдаят кезінде өзекті», — деп атап өтті ЕЭК министрі.
Анықтама

Жеңіл автомобильдер шығаратын Hyundai Trans Kazakhstan зауыты — Қазақстан Республикасында автомобиль жасаудың стратегиялық объектісі. Кәсіпорын Оңтүстік Корея өндірісінің ең жаңа жабдықтарымен жарақтандырылған. Кәсіпорындағы жұмыс сапасының жоғары стандарттарын компания инженерлерінің бақылауымен тәжірибелі машина жасау мамандары қамтамасыз етеді.

2022 жылы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 37 205 автомобиль шығарды. 2021 жылмен салыстырғанда өндірістің өсімі 43% құрады. Кәсіпорыно ның 82%-ын елдің ішкі нарығына, қалған көлемін ТМД елдеріне экспортқа шығарды. Зауыт тоғыз Hyundai моделін – Tucson, Accent, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, i30, Bayon шығарады.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, тұтастай алғанда, 2022 жылы Қазақстанда барлық типтегі 113 925 бірлік көлік құралы өндірілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 21,9% артық. Автомобиль жасау саласы жұмысының жиынтық нәтижесі ақшаға шаққанда 1,2 трлн теңге құрады.


ЕЭК Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі