Жаңалықтар

20.06.2024

ЕЭК өкілдері ЮНСИТРАЛ-дың жаһандық дағдарыстардың теріс салдарын барынша азайту және болдырмау жөніндегі құралдары жиынтығын талқылады

20 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаментінің өкілдері Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Құқықтық департаментімен бірлесіп, БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы хатшылығының (ЮНСИТРАЛ) құралдары жиынтығына баса назар аудара отырып, дағдарыстардың теріс салдарын азайту жөніндегі құқықтық шараларға арналған іс-шара өткізді.

ЕЭК Сауда саясаты департаментінің директоры Владимир Серпиков түрлі сипаттағы дағдарыстардың жағымсыз салдарын еңсеру мәселелері Еуразиялық экономикалық комиссия үшін ерекше маңызды және қызығушылық тудыратынын атап өтті: "Біз ЮНСИТРАЛ алаңында жүргізілген зерттеудің маңыздылығын және оның дағдарыстармен күресуге әрі Одақ экономикасының орнықтылығын қамтамасыз етуге қабілетті шешімдер құрудағы әлеуетін танимыз. Бұл іс-шара біздің құқықтық реттеу саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп сенемін".

Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Құқықтық департаментінің директоры Лев Гершанок 2020 жылы ЮНСИТРАЛ Комиссиясының 53-інші сессиясында Армения, Ресей және Вьетнам ЮНСИТРАЛ-дың дағдарыс жағдайында туындайтын ықтимал құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға ықпал ету әлеуетін кодификациялау және арттыру жөніндегі өз қызметі арқылы мүмкіндік жасау тұрғысынан дағдарысқа қарсы шаралармен жұмыс істеу жөнінде ұсыныс енгізгенін айтып берді. Ол "ЮНСИТРАЛ жұмысының нәтижелері жылдар бойы өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Ал оларды дағдарысқа қарсы жауаптың аралық әсері арқылы жүйелендіру халықаралық сауданың орнықтылығын қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді", — деп атап көрсетті.

ЮНСИТРАЛ хатшысы Анна Жубен-Брет өзінің ілтифат лебізінде жоғарыда аталған бастама бойынша жүргізілген жұмыстың маңыздылығын атап көрсетті.

ЮНСИТРАЛ өкілдері COVID-19 пандемиясының халықаралық сауда құқығына ықпалы жөніндегі зерттеу жұмысы туралы айтып берді. ЮНСИТРАЛ құралдары жиынтығы пандемияның салдары және осыған байланысты мемлекеттер енгізген жауап шаралар туралы ақпаратты өзіне кірістірді. Оған электрондық сауда туралы типтік заңды, сондай-ақ 2022 жылғы шілдеде қабылданған электрондық қолтаңба туралы типтік заңды қоса, жаһандық төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылуы мүмкін ЮНСИТРАЛ құжаттары да кірді. Дағдарыстың шағын және орта кәсіпорындарға әсер ету мәселенамасына, банкроттық мәселелеріне және мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне айрықша назар аударылды.

Іс-шараға ЮНСИТРАЛ өкілдерінен бөлек, ЕЭК пен ЕАЭО мемлекеттерінің мүдделі сарапшылары да қатысты.

Іс-шараның жазбасына сілтеме: https://youtube.com/live/qYB3qVMenQk?feature=share