Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов "Кеден: кеше, бүгін, ертең" ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық одақтағы кедендік реттеудің өзекті мәселелері туралы айтты. Цифрландыру, бизнеспен өзара іс-қимыл, халықаралық интеграция және заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Руслан Давыдовтың сөзінше, дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қатысушы елдердің кедендік реттеу саласында тығыз ынтымақтастығы болған жағдайда ғана интеграциялық процестер табысты бола алады. Кеденнің негізгі міндеттерінің бірі – сауда рәсімдерін жеңілдету әрі жеделдету болып табылады, нәтижесінде шығындар азаяды, өзара сауда көлемі артады және ыңғайлы бизнес-орта құрылады.
Бүгінгі таңда кеден органдары электрондық декларация және автоматтандырылған бақылау жүйелері сияқты қазіргі заманғы технологияларды белсенді түрде ендіруде, бұл жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуға және шекарада жүктерді өңдеу уақытын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, инвестицияларды ынталандырады және Еуразиялық интеграциялық бірлестіктерге қатысушы елдердің экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
"Бізде ЕАЭО туралы шарт бойынша бірыңғай кедендік реттеу, бірыңғай кедендік аумақ, үшінші елдермен тауарлар саудасының бірыңғай режимі бар және біз біріздендіруге ұмтылуымыз керек. Бұл біздің Одақтың бірыңғай кедендік аумақ ретіндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, оның транзиттік әлеуеті мәселесі. Құрлықтың жетіден бір бөлігі – Еуразиялық одақ, бұл Қытай мен Еуропа арасындағы көпір. Дегенмен, біз географиялық артықшылықтарымызды толығымен жүзеге асыруымыз керек", – деп атап өтті Руслан Давыдов.
Конференция Жеңіс күні қарсаңында өткендіктен, ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі кеденшілердің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізуге қосқан үлесіне бөлекше назар аударды. Ол соғыс кезінде тауарларды жеткізудің негізгі маршруттары Қиыр Шығыс пен Иран Ислам Республикасы арқылы өткенін, бұл жалпы белсенді дамып келе жатқан "Батыс-Шығыс" және "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық дәліздеріне сәйкес келетінін атап көрсетті.