Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №98 шешімімен қабылданған өзгерістер Кеден одағының «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 034/2013) сойылған мал өнімдері мен ет өнімінің тағамдық құндылықтары туралы таңбалауда көсетілетін ақпаратқа қатысты талаптарын түзетеді.
Өзгерістердің өзектілігі сойылған жануарлардың еті мен сою өнімдері, соның ішінде шикізат түрінде қолданылатындар ақуыз мен майдың табиғи біртекті еместігімен сипатталатындығына байланысты.
Өзгерістермен тағамдық заттар құрамының нақты мәндерінің (тағамдық құндылық көрсеткіштерінің) таңбалауда көрсетілгендерден ауытқуының жол берілетін шектері көзделген: өнімдегі ақуыз таңбалауда көрсетілген мәннің кемінде 80% болуға тиіс; май, көмірсулар, энергетикалық құндылық (калориялық) – таңбалауда көрсетілген мәндерден 120%-дан аспауға тиіс.
Мысалы, ет өнімдерін таңбалауда 100 г өнімге 17 г (100 %) ақуыздың орташа мәні көрсетілген кезде, жаңа талаптарды ескере отырып, ақуыздың нақты мәні 100 г өнімге 13,6 г (80 %) кем болмауға тиіс. Майдың орташа мәні 100 г өнімге 18 г (100 %) болса, майдың нақты мәні 100 г өнімге 21,6 г (120 %) аспауы керек.
Еуразиялық экономикалық одақтың 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Құс етінің және оның өңделген өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (ЕАЭО ТР 051/2021) талаптарында да осыған ұқсас тәсілдеме көзделген.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий атап өткендей, бұл өзгерістер шикізаттың ерекшеліктерін және ет өңдеу өнеркәсібінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, тағамдық заттардың құрамын бақылауға байланысты проблемаларды шешуге, сондай-ақ таңбалауда көрсетілген ақуыз, май, көмірсулар мен калориялығының нақты мәндерінің сәйкес келмеуімен тұтынушыларды адастыратын әрекеттерді алдын ала ескертуге бағытталған. Валентин Татарицкийдің пікірінше, жаңа талаптарды қолданысқа енгізу Одақ елдерінде кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларына оң әсер етеді.
Комиссия Алқасының 2024 жылғы 5 наурыздағы № 15 шешімімен өтпелі кезең айқындалды. 2024 жылғы 7 сәуірге дейін берілген немесе қабылданған, сою өнімдері мен ет өнімдерінің сәйкестігін бағалау туралы өзгерістер енгізілген құжаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды деп көзделген. Осы өнімді өндіруге және айналысқа шығаруға осындай құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жол беріледі, өнімнің айналысына дайындаушы белгілеген жарамдылық мерзімі ішінде жол беріледі.