Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренконың төрағалық етуімен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің 2022 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылды және азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қорғау мүддесінде бұдан арғы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары айқындалды.
Виктор Назаренко атап өткендей, бизнесті жүргізу үшін жағдайды оңайлатуға бағытталған шаралар интеграциялық ынтымақтастықтың барлық саласын қозғайды. Мұндай жағдаятта кәсіпкердің адалдығы тұтынушы мүдделерін және ЕАЭО нарығының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі болады.
Виктор Назаренко бизнес пен тұтынушы арасында сенім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған түйінді шаралардың қатарында Одақ елдері қабылдаған Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралар бағдарламасын, сондай-ақ қазіргі заманғы экономикалық жағдайда азаматтардың тұтынушылық тәуекелін барынша азайтуға бағытталған басымдықты шаралар тізбесін атап өтті.
Отырысқа қатысушылар тұтынушыларға қатысты адал іскерлік практиканы ендіру үшін бизнеспен тиімді өзара іс-қимылды одан әрі дамытуды 2023 жылға арналған бірлескен жұмыстың міндеттері етіп айқындады.
Халықтың тұтынушылық сауатының деңгейін зерделеуге және ұтымды тұтынуды дамытуды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс тағы бір маңызды бағыт болады. Осыған байланысты Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп, Одақта тұтынушылардың құқықтық қорғалуы туралы қоғамдық пікірді зерделеуге арналған бірлескен әлеуметтік зертеу өткізуді жоспарлап отыр.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Одақ мемлекеттерінің халқын хабардар етуге және ағартуға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жұмыс ортақ "Сауатты тұтынушы - жауапты бизнес" тақырыбы аясында жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар нәтижелері Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының бірқатар іс-шарасын тиімді іске асыруға ықпал ететін ғылыми зерттеулердің тақырыптарын келісті.
Сондай-ақ Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп дайындаған, ЕАЭО-да тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ағымдағы және перспективалық қызметті сипаттайтын шолу мақұлданды.