26 желтоқсанда Ленинград облысында (РФ) өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге қол қойылды.
Келісім тұжырымдамасы бірыңғай транзиттік жүйені құру туралы ЕАЭО-ның үшінші елдермен жекелеген халықаралық шарттарын жасасу үшін маңызды құқықтық негіздерді айқындайды. Бұған қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр, мысалы, Өзбекстан, ТМД-ның басқа мемлекеттері немесе ЕАЭО-ның Қытай сияқты маңызды сауда серіктестері қызығушылық таныта алады.
Келісімнің негізгі міндеті – аумақтардың байланыстылығын арттыру және бизнестің жүктерді жеткізуге жұмсайтын үстеме шығындарын азайту есебінен «жіксіздікті», яғни нарықтың барлық қатысушылары үшін ең қолайлы тасымалдау логистикасын қамтамасыз ету. Әңгіме шын мәнінде, цифрлық технологияларды енгізу нәтижесінде тасымалдауды жеделдету және арзандату, жеткізудегі қателер қаупін төмендету туралы, бұл әсіресе соңғы тұтынушы үшін маңызды болып отыр.
Бұған электрондық құжат түріндегі бірыңғай транзиттік декларацияны пайдалану; кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бірыңғай қамтамасыз ету; Одақ және үшінші тарап мемлекеттерінің уәкілетті экономикалық операторларына берілетін жекелеген арнайы жеңілдетулерді қолдану есебінен қол жеткізілетін болады. Бұған ЕАЭО-ның және үшінші тараптың кедендік аумақтары бойынша олардың бүкіл жүру жолында тауарлардың тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану да көмектеседі. Кедендік бақылау нәтижелерін өзара танудың рөлі де маңызды.
Құжатты қабылдау Одақтың транзиттік әлеуетін дамытуға, трансшекаралық жеткізілімдердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға және Еуразиялық «бестік» елдерінің тауар айналымын ұлғайтуға ықпал етеді.