Жаңалықтар

16.11.2016

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрінің кеңесшісі Владимир Мальцевтің БелТА ақпараттық агенттігіне берген сұхбаты: «Еуразиялық бизнеске арналған орнықтылық платформасы»

Еуразиялық экономикалық одақта мемлекетаралық кооперацияны дамытудың жаңа құралы – Еуразиялық технологиялық платформалар пайда болды.​ Еуразиялық экономикалық одақта мемлекетаралық кооперацияны дамытудың жаңа құралы – Еуразиялық технологиялық платформалар пайда болды. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 8 бағыт бойынша 11 басым техникалық платформаны қазірдің өзінде бекітті, олар:  ғарыш, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, фотоника, табиғи ресурстарды өндіру, экология, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік технологиялар. Идея авторларының айтуынша, бұл платформалар ғылыми-техникалық прогрестің озық ұлттық және әлемдік жетістіктерін жинақтау мен одақ елдерінің ғылыми әлеуетін жұмылдыру бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз етуге арналған. Олар инновациялық өнімдер мен технологияларды әзірлеу және оларды өнеркәсіптік өндіріске енгізу жөніндегі қолданбалы міндеттерді шешу үшін пайдаланылады. БЕЛТА тілшісі ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрінің кеңесшісі Владимир Мальцевтен бұл идея қалай іс жүзінде іске асырылатыны туралы айтып беруді өтінді. - Владимир Валерьевич, неліктен нақты технологиялық платформа сияқты формат таңдалды? - Егер кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте интеграциялық тізбекті құру тарихына көз жүгіртсек, Одақ мемлекеттері шеңберіндегі осындай жобалардың ең танымал екенін көруге болады. Бірақ бұлардың бәріне төменнен бастамашылық жасалған жоқ, бизнестің бастамасымен іске асқан жоқ. Бұл жобалар іс жүзінде шенеуніктердің кабинеттерінде ойлап табылды. Экономикалық құрамдас бөлік аяғына дейін ойластырылмағандықтан мұндай жобалардың барлығы тығырыққа тірелді. Біз ЕАЭО-да басқа жолды таңдадық. Технологиялық платформа сияқты тетік – жаңа құрал емес, біз ештеңе ойлап тапқан жоқпыз, ол Ресейде 2008 жылы қолданыла бастады. Ал идеяның өзі Еуропалық одақтан алынды: ол ЕО-да шекара бар кезде, қазіргідей одақ жоқ, бірақ кооперациялық тізбектер дами бастаған тұста пайда болды.  Олардың ішінде ең танымалы Airbus ұшақ жасау концерні еді, оның жинақтауыштары әртүрлі қолдау шаралары заңнамалық тұрғыдан бекітілген түрлі елдерде жасалды. Осы орайда: ортақ өнім жасалғандықтан әртүрлі мемлекеттердегі барлық әріптестер үшін мемлекеттік қолдау шаралары қолданылуы тиіс деген мәселе туындады. Мәні жағынан алсақ технологиялық платформа дегеніміз осы. - Яғни, қысқаша айтсақ, технологиялық платформа – бұл мемлекеттік қолдау шаралары бірдей дәстүрлі кооперациялық тізбек пе? - Бірдей шаралары емес, қолдау шаралары бар тізбек. ЕАЭО-дағы интеграция әзірге мемлекеттік қолдау деңгейін біріздендіретін дәрежеге жете қойған жоқ. Бірақ, технологиялық платформаларымыздың басымдығы бәрібір елеулі: егер сіз бұл кооперациялық тізбекке кірсеңіз, онда сізге өз мемлекетіңізде қандай да бір преференциялар басым түрде ұсынылуы тиіс. Оның үстіне технологиялық платформа шикізат өндіруден бастап түпкілікті өнім жасауға дейінге процесті қамтуы мүмкін. Бәсекелестігі өте жоғары нарықта жұмыс істейтін Беларусьтің «Камволь» кәсіпорнын мысалға алайық.  Ол үшін жеңіл өнеркәсіп бойынша технологиялық платформа бар және бұл тізбекті жүн өндірісін құрудан бастап дайын өнімді тігуге дейін қарап, оған кіруге болады. Неліктен кеңестен кейінгі кеңістіктегі көптеген жобалар іске аспай жатыр? Себебі біз бәсекелестік өте күшті дамыған тұста өзара бірлескен, оның үстіне бюджет қаражаты есебінен  кәсіпорын құруға әрекеттенудеміз. Бірақ, әрбір мемлекеттің протекциялық қолдау шаралары бар, мысалы, МАЗ бен КамАЗ, олар ішкі нарықта бір-бірімен бәсекелес. Яғни, олар тек экспортқа арналған жұмыс үшін біріге алады.     - Менің түсінігімше, бизнес Еуразиялық платформаға кіру немесе кірмеу мәселесін өзі шешуі тиіс қой? - Иә. Қазір өнеркәсіпте біздің нақты тоғыз платформамыз бар. Біз оларды құрған кезде: бұл инноватикаға бағытталған кооперация екенін бірден айқындап алдық. Кооперациялық тізбек жай құрылып қоймай, оның түпкі нәтижесі инновациялық бәсекеге қабілетті өнім болуға тиіс. - Бизнес технологиялық платформаға кіре отырып, нақты қандай преференциялар ала алады? - Жоғарыда айтып кеткенімдей, әрбір мемлекетте технологиялық платформаға қатысушыларды қолдаудың өз шаралары енгізіледі. Оған қоса, ЕЭК-те ұлтүсті функциялар бар, олар тарифтік реттеу шараларын да, тарифтік емес шараларды да қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, қайсы біреу технологиялық платформа шеңберінде түпкілікті өнімге арналған жинақтауыш шығарады, бірақ оларға арналған қандай да бір құрауыштар немесе шикізат ЕАЭО шекарасынан тыс жерден әкелінеді. Осы орайда өндіруші ел ЕЭК-ке: осы құрауышқа немесе шикізатқа әкелу бажын нөлге теңестірейік деп ұсыныс жасайды. Біз бірден бұл өнімнің технологиялық платформаға кіретінін-кірмейтінін қараймыз. Егер кірсе, комиссия бұл өнімнің қажеттілігін, ол инновациялық, кооперациялық екенін растайды. Біз баж бойынша преференция береміз. Басқа да, мысалы техникалық реттеу есебінен шаралар болуы мүмкін. Бұдан өзге, ЕЭК-те қазір ЕАЭО-ға қатысушы елдермен субсидияларды ерікті түрде келісу өкілеттігі пайда болады. Яғни, қосымша субсидиялық тетік те қосылады. Еуразиялық даму банкі арқылы қаржыландыру тетігін де ұмытпау керек. Біз ол кооперациялық қатысу орын алатын жобаларды қаржыландырады деп уағдаластық және бұл ұстаным Еуразиялық үкіметаралық кеңесте премьер-министрлер деңгейінде расталды. Енді ЕЭК-те осындай жобаларды іріктеумен айналысатын, Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Сидорский басшылық ететін арнайы жұмыс тобы құрылатын болады. Кейіннен кооперациялық жобаларды қаржыландыру бойынша қандай да бір бірлескен қор құру туралы мәселені көтеруді жоспарлап отырмыз. Бәлкім, кредиттік мөлшерлеме коммерциялық шартпен болмауы үшін оны субсидиялау жөнінде уағдаласуымыз мүмкін, мұндай тетікті де қарастырып жатырмыз. - Еуразиялық технологиялық платформалар ең алдымен экспортқа бағдарланған өнім шығаруға бағыттала ма? - Кеден одақтарын құру тәжірибесі біздің әуелі ішкі нарыққа өнім жеткізуді ұлғайтуға тиіс екенімізді көрсетеді. Бұл үшін өзара саудадағы тосқауылдарды алып тастау керек. Тек осыдан кейін ғана бәсекеге қабілетті тауарлар пайда бола бастайды. Ал бәсекелестікті дамыта отырып, бір экспортқа жіберілетін өнімді де жасай аламыз. Егер бірден экспортқа бағдарланған өнім жасаймыз деп мәлімдесек, біз оны бәсекелестіксіз сыртқы нарыққа шығара алмаймыз, ол ешкімге керек болмай қалады. Әрине, тараптар бәсекеге қабілетті өнімді өз бетінше шығарып та жатыр. Мәселен, МАЗ, КамАЗ, «Гомсельмаш», басқа да кәсіпорындар. Бәсекеге қабілетті шығарып жатқан өніміміз жетерлік, бірақ оны әр ел өз бетінше жасап жатыр. Ал біз кооперациялық тізбек туралы айтып отырмыз. Бұл тұста мына мәселені атап көрсеткім келеді. Біз Ресейге қарсы санкциялар енгізілген, күрделі экономикалық жағдайларды бастан кешіп жатырмыз, бұл санкциялар ЕАЭО-ның барлық қатысушыларына әсер етеді, өйткені біз бірыңғай  экономикалық кеңістіктеміз. Сондықтан, менің ойымша, ең алдымен Ресей басқа елдерге ықпалын тигізетін санкция әсерін жеңілдету үшін қандай да бір интеграциялық қадамдар жасауы тиіс. Себебі бір-бірімізге қандай да бір қолұшын бермейінше интеграция іске аспайды. Ресей Федерациясының Президенті ЕАЭО-ның барлық мемлекеттерін Ресейдегі импорт алмастыру бағдарламасына қатысуға шақыра отырып, осындай тетікті ұсынды. Комиссия қазір бұл мәселені тараптардың бейінді министрліктерімен белсенді түрде пысықтап жатыр. - Бұл технологиялық платформалар қашан алғашқы жемісін береді деп күтуге болады? - Технологиялық платформалар – жай тетік емес, бұлар нақты кәсіпорындар және нақты жобалар. Біз құрылғаны туралы жариялаған технологиялық платформалардың нақты қатысушылары бар, кәсіпорындардың өздері өзара келісімдерге қол қояды. Яғни нақты қатысушылар: біз осы технологиялық платформаға кіреміз және қандай да бір өнім шығаруға дайынбыз, - деді. 2017 жылдың ортасына қарай Еуразиялық даму банкі қаржыландыратын және ұлттық деңгейде қолдау жасалатын қандай да бір жобалар пайда болады деп үміттенеміз.