Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 12 сәуірдегі отырыста Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде реттелетін өнімдердің бірыңғай тізбесін спорттық жабдықтар мен құралдардың белгілі бір түрлерімен толықтырды.
Тізбеге, атап айтқанда, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жабдықтары мен құралдар: футболға, шағын-футболға, гандболға, хоккейге арналған қақпалар, стендтік ату мен спортингке арналған нысаналар, сондай-ақ гимнастикалық жабдықтар мен құралдар, аралас асимметриялық/параллель қоссырықтар, параллель қоссырықтар, кермелер, қолды тіреп секіруге арналған гимнастикалық құрылғылар, бөренелер, батуттар, сақиналар, швед қабырғалары, торлы сатылар, өрмелеуге арналған рамалық құрылымдар, гимнастикалық ат, гимнастикалық төрттаған, арқандар, гимнастикалық үстелдер, орындықтар мен төсеніштер, акробатикалық кілемдер енгізілді.
«Өкінішке қарай, спорттық жарыстарды қоса алғанда, физикалық жаттығулар жасау кезінде де жарақат алу көптеп кездеседі. Күнделікті көріп жүргеніміздей спорттық жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қолданыстағы, бірақ міндетті емес тетіктері, мысалы, ерікті сертификаттау мәселені шешпейді. Комиссия Кеңесі қабылдаған шешім сөзсіз жағдайды жақсартады», — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкий.
Бірыңғай тізбені спорттық жабдықтар мен құралдардың белгілі бір түрлерімен толықтыру оларға қойылатын міндетті талаптарды белгілеу үшін құқықтық негіз болып табылады. Енді мұндай талаптарды Одақтың техникалық регламенттерінде немесе тиісті ұлттық құқықтық актілерде белгілеуге болады.