Жаңалықтар

02.08.2022 (Обновлено: 08.08.2022 14:00)

ЕАЭО елдері өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2 тамызда Еуразиялық экономикалық одақта өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру үшін ұсыным қабылдады. 

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев атап өткендей, бұл жұмыс 2025-Стратегиясында көзделген. Ұсыным ЕАЭО-дағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың ақпараттық, ұйымдастырушылық және қаржылық қырларын қамтиды. 

Мәселен, құжатта бірлескен өңіраралық жобаларды шекара маңындағы аумақтарда іске асыру үшін және оларды қолдаудың қаржылық құралдарын әзірлеудің орындылығын қарау ұсынылған. Сондай-ақ елдерге өңірлерде Еуразиялық сауда-өнеркәсіп жәрмеңкелерін және бизнес өкілдері үшін «байланысу биржаларын» өткізу ұсынылады. 

Бұдан басқа, ұсынылып отырған іс-шаралар тізбесінде — өңірлерді интеграциялық процестерге тартуға арналған вебинарлар мен көшпелі семинарлар және өңірлік билік органдары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің Комиссияның іс-шараларына қатысуы бар. 

Еске сала өтсек, ағымдағы жылғы мамырда ЕЭК Сюник облысының Капан қаласында (Армения Республикасы) өңіраралық ынтымақтастықты дамыту туралы бірінші семинар өткізді. Іс-шараға ЕАЭО елдері уәкілетті органдарының және өңірлік билік органдарының, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері және басқалар қатысты.