Жаңалықтар

12.12.2024

ЕАЭО елдері ортақ қаржы нарығын қалыптастыру және Одақтың қаржы саласындағы құқығын жетілдіру мәселелерін талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссиясының Алқасы жанындағы Қаржы нарығы жөніндегі консультативтік комитетте ортақ қаржы нарығын қалыптастыру және қаржы қызметтері саласындағы заңнаманы үйлестіру тәсілдері талқыланды. Отырыс Мәскеуде Комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен ЕЭК-тің штаб-пәтерінде өтті.

ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы аясында еншілес ұйымдар және олардың коммерциялық қатысуы арқылы қаржы қызметтерін жеткізушілердің нарықтарына өзара қолжетімділікті қамтамасыз ететін стандартталған лицензия механизмін енгізу көзделген. Стандартталған лицензия бас ұйымның орналасқан елінің қаржылық реттеушісі беретін арнайы рұқсатты білдіреді.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл құжат банк және сақтандыру секторларында қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларды өзара тану мақсатында жағдайлар жасауға бағытталған. Бұдан басқа, ол заңды және жеке тұлғалар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін, сапасын және әртүрлілігін арттыруға, сондай-ақ қаржы нарығында бәсекелестікті дамытуға арналған.

«Келісім стандартталған лицензияны беру тәртібі мен шарттарын, ізденушіге және лицензиатқа қойылатын талаптарды, еншілес ұйымды құру немесе сатып алу тәртібін айқындайды», – деп атап өтті ЕЭК министрі. 

Келісім жобасы банктер мен сақтандыру ұйымдарын қоса алғанда, қаржы қызметтерін ұсынушылардың ұлттық қаржы нарықтарына өзара қолжетімділігін белгілейді, бұл еншілес ұйым түрінде заңды тұлғаны құру немесе сатып алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Консультативтік комитет мүшелері бағалы қағаздар нарығын реттеу саласындағы негізгі ұғымдар мен анықтамалар бөлігінде ЕЭК Кеңесінің Одақ мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру және нарық делдалдарына (брокерлеріне) қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі келісілген ұсыныстары туралы ұсынымының жобасын қарастырды.

Отырысқа қатысушылар банктер мен сақтандыру ұйымдарын ортақ қаржы нарығына жіберу саласындағы заңнаманы үйлестіруге, нарық делдалдарына (дилерлеріне) қойылатын талаптарды белгілеуге, бағалы қағаздармен биржалық сауда инфрақұрылымын дамытуға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған Комиссия Кеңесі ұсынымдарының жобаларымен жүргізілген жұмыс туралы ақпарат алды.