Жаңалықтар

24.04.2025

ЕАЭО елдері орташа әлемдік деңгейден жоғары экономикалық өсу қарқынын сақтады

Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Эльдар Алишеровтің төрағалық етуімен өткен Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен перспективалары және мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясат саласында қабылдаған шаралары туралы 2024 жылғы баяндама қаралды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсу қарқыны орташа әлемдік деңгейден асып түсті: жиынтық ЖІӨ 4,4% артты. Түйінді макроэкономикалық көрсеткіштердің көпшілігі оң серпін көрсетті.

Мүше мемлекеттер қабылдаған шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, теңгерімсіздіктерді уақытылы алдын ала ескертуге және реттеуге бағытталған.

Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер мониторингінің нәтижелері ұсынылды. Жалпы ЕАЭО елдерінің көпшілігінде бюджеттік және борыштық орнықтылық сақталатыны атап өтілді. Сонымен бірге баға тұрақтылығына қол жеткізу мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясаты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Отырысқа қатысушылар болжау жүйесіне орайлас тәсілдемелерді жетілдіруде әлеуметтік-экономикалық дамудың ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы параметрлерінің аралық сандық мәндерін келісу тәртібіндегі өзгерістерді талқылады.

Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитет Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісілген макроэкономикалық саясат мәселелері бойынша қорытындылар, ұсыныстар, ұсынымдар дайындауды және консультациялар өткізуді қамтамасыз ететін Комиссия Алқасы жанындағы консультативтік орган болып табылады. 

ЕАЭО туралы шарттың 63-бабына сәйкес экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерге инфляция деңгейі, мемлекеттік басқару секторы бюджетінің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының борышы жатады.