Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың «Құс етінің және оның өңделген өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентін қабылдады. Құжат жануардан алынатын тамақ өніміне қойылатын міндетті талаптарды регламенттейді. Ол сондай-ақ бірыңғай терминологияны, сәйкестендіру қағидаларын, өндірістің, сақтау, тасымалдау, өткізу, кәдеге жарату және таңбалау процестеріне қойылатын талаптарды белгілейді.
Атап айтқанда, техрегламент:
- құс сою өнімдеріндегі 50 ветеринариялық дәрілік заттардың қалдық мөлшерінің рұқсат етілген ең жоғары деңгейін;
- құс етінен өңделмеген өнімді өндіру процесінде суды, ингредиенттерді және тағамдық қоспаларды (фосфаттарды қоса) енгізуге тыйым салуды;
- құс етінен жасалған қайта өңделген өнімнің құрамындағы суды ол қосудың (маринадтар, ингредиенттері мен қоспалары бар тұздықтар) кез келген тәсілі кезінде пайдаланылған жағдайда көрсету, сондай-ақ құс етінің механикалық жолмен сүйегінен ажыратылғанын көрсету қажеттігін;
- құс етін еріту кезінде бөлінген ылғалдың 4%-дан аспауға тиіс салмақтық үлесінің нормативін;
- құс етінен жасалған өнімді өндіру кезінде балаларды тамақтандыру үшін фосфаттарды, дәм мен хош иісті күшейткіштерді, бензой, сорбин қышқылдары мен олардың тұздарын, ГМО және пестицидтері бар шикізатты пайдалануға тыйым салуды;
- құс етінен жасалған өнімнің тағамдық құндылығының көрсеткіштері (ақуыз, май, көмірсу, кенеулігі) үшін таңбалауда көрсетілгендерден нақты мәндердің ауытқуына жол берілетінін айқындайды.
Сәйкестікті бағалау құс сою өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы, құс етінен жасалған өнімнің (жартылай дайын өнімді қоса) сәйкестігін декларациялау, балалар тағамына арналған өнімді мемлекеттік тіркеу нысандарында белгіленген.
Техникалық регламент 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл ретте әдістерді әзірлеу шамасына қарай күшіне енгізілетін және стандарттар тізбесіне кірістірілетін бірқатар қажетті стандарттардың болмауына байланысты регламентте перспективалық кейінге қалдырылған:
- құс сою өнімдеріндегі жекелеген ветеринариялық дәрілік заттардың қалдық мөлшерінің рұқсат етілген ең жоғары деңгейін бақылау жөніндегі;
- тоңазытылған құс етін сақтау кезінде бөлінген ылғалдың салмақтық үлесі жөніндегі;
- құс етінен жасалған өнімнің мемлекетаралық стандарттарда және «Құс етінің және оның өңделген өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентте белгіленгендерге ұқсас ойлап табылған атауларды пайдалану жөніндегі нормалар белгіленген.
ЕЭК Кеңесінің шешімінде сондай-ақ Ресей Федерациясының Одақ елдерімен бірлесіп регламентке өзгерістер жобасын дайындауы жөніндегі ереже қосылған, ол құс етінен жасалған өнімнің барлық түрін ет және құрамында ет бар топтарға саралауға көшуге мүмкіндік береді.