Жаңалықтар

25.12.2023

ЕАЭО-ның 2024 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары бекітілді

25 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның 2024 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын бекітті.

Құжатта атап өтілгендей, 2024 жылы Одақ үшін ТМД мемлекеттерімен және таяу шет елдердің басқа елдерімен өзара іс-қимылды, Одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттермен, яғни Кубамен және Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамыту сияқты бағыттар, Үлкен Еуразиялық Әріптестік идеясы контексінде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен (ШЫҰ), Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығымен (АСЕАН), БРИКС елдерімен және басқа да мемлекеттермен және Орталық Азия мен Таяу Шығыстың интеграциялық бірлестіктерімен жүйелі диалогты дамыту басым болады.

Сонымен қатар мүше мемлекеттердің экспорттық әлеуетін іске асыруға жәрдемдесу, жаһандық көлік қатынастары жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде еуразиялық көлік дәліздерін дамыту, сауда рәсімдерін оңайлатуды және ішкі кедергілерді жоюды қоса алғанда, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау және басқалар басымды болмақ.

Одақтың негізгі күш-жігері қазірдің өзінде құрылған ынтымақтастық механизмдерін, соның ішінде жасалынған меморандумдар, декларациялар және сауда келісімдері аясында дамытуға бағытталатын болады. Құжаттың бірінші бөлімі осыған арналған. Халықаралық ұйымдар арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), оның ішінде оның өңірлік комиссиялары, Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ), Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және басқалары, өңірлік бірлестіктер арасында – ТМД, ШЫҰ, АСЕАН, Оңтүстік Американың ортақ нарығы (МЕРКОСУР), Африка одағы және басқалары атап өтілді. Еуразиядағы, Африкадағы, Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы негізгі әріптес мемлекеттермен өзара іс-қимылға, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім аясында Қытаймен, артықшылықты сауда келісімдеріне сәйкес Вьетнам, Сербия, Сингапур және Иранмен өзара іс-қимылға баса назар аударылады.

Құжаттың екінші бөлімінде халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетті перспективалы бағыттары көрсетілген. Қорытынды бөлімде Одақтың халықаралық қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар қамтылған. 

Анықтама

ЕАЭО-ның халықаралық қызметі ЕАЭО туралы шарттың 7-бабына және Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. Тәртіптің 5-тармағына сәйкес Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттары жасалады.

ЕЭК халықаралық ұйымдармен 45-тен астам меморандум және үшінші елдердің үкіметтерімен, министрліктерімен және ведомстволарымен, сондай-ақ өңірлік интеграциялық және мемлекетаралық бірлестіктермен сауда келісімдерін қоса алғанда 50-ге жуық құжат жасады.