Жаңалықтар

03.12.2021 (Обновлено: 31.03.2022 18:36)

ЕАЭО-да Еуразиялық ғарыш агенттігін құру ұсынылды

3 желтоқсанда Мәскеуде «Президент-отельде» өткен ЕАЭО-ның «Ғарыш интеграциясы» іскерлік форумында «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин осындай бастама білдірді. Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев ұсынысты «өзекті және сұранысты» деп атады.


Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович форумға қатысушыларға арнаған сәлемдесу сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері ең ірі және бұрынғы жалғыз ғарыш кешенінің өндірістік және инфрақұрылымдық қуаттарын белсенді пайдаланып отырғанын атап өтті.


«ЕАЭО елдерінің ғарыш аппараттарының перспективалық орбиталық топталымының келбеті мен құрамын айқындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ғарыш саласының қолданыстағы орбиталық және жерүсті ресурстары интеграциясының нұсқалары қаралуда», — деді Михаил Мясникович.

Ол 2020 жылғы шілдеде ЕАЭО-ның Жерді қашықтан зондтаудың ұлттық дерек көздері негізінде ғарыштық және геоақпараттық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді өндіру мен беру жөнінде мемлекетаралық бағдарламасы бекітілгенін еске салды. Бағдарламаның түйінді іс-шарасы екі Ресей-Беларусь аса жоғары кеңістік рұқсаттамасындағы ғарыш апаратының және орташа рұқсаттамасындағы үш қазақстандық аппараттың базасында перспективалы ғарыш жүйелерін құру болады


«Бағдарламаның нәтижелерін Одақ елдері белсенді қолданады деп сенемін. Бірінші кезекте, бұл — көлік-логистика байланыстылығы және ЕАЭО-да инфрақұрылымды дамыту, тауарларды қадағалап отыру және олардың Одақта кедергісіз өткізілуін қамтамасыз ету, ғарыштық байланыс жүйелері, ГЛОНАСС жүйесі негізінде жерсеріктік навигациялық технологияларды қолдану», — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы.
  

«Роскосмос» бас директоры Дмитрий Рогозин ЕАЭО мемлекеттерінің ғарыштық қызметтің басқа бағыттарындағы, мысалы, «Құс жолы» жер төңірегіндегі кеңістік мониторингі бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастығының перспективаларына тоқталды.


«ЕАЭО елдерінде ғарыштық құзыреттердің болуы — бұл шындық. Беларусьта бұл бәрінен бұрын «Пеленг», біз оптикалық аппаратураға тапсырыс береміз. Қазақстанда — бұл Байқоңыр екені сөзсіз және «Airbus» технологиясы бойынша салынған зауыт — СбИК, қазір ол толық жүктеліп болмаған. ЕАЭО елдерінің бәрінің аумағында астрономиялық орталықтар бар, бұл жақсы база. Мұның бәрі — біздің ынтымақтастығымыздың қорында», — деп атап көрсетті Дмитрий Рогозин.

Ол үлкен ғарыштық қуаттар Францияда, Германияда, Италияда және Испанияда бар екеніне қарамастан, көптеген елді біріктіріп отырған Еуропалық ғарыш агенттігін мысалға келтірді.


«Бәлкім, белгілі бір кезеңде бізге де Еуропа жасағандай өз активтермізді бірыңғай активке біріктіру керек шығар. Еуразиялық ғарыш агенттігін құру тақырыбын байсалды талқылауды қалаған болар едім», — деп мәлімдеді Дмитрий Рогозин.

Форумға қатысушылар «Роскосмос» басшысының бастамасын қолдады. Атап айтқанда, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы төралқасының төрағасы Владимир Гусаков ғарыш саласындағы қолда бар ғылыми-техникалық дайындама Еуразиялық экономикалық кеңістікте ғарыш интеграциясын кеңейту үшін негіз болып табылады деп сенім білдірді.


«Ғарыш саласында белсенді жұмыс істейтін елдердің Еуразиялық қауымдастығын құру туралы идеяны қолдаймын», — деді ол.


ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев «Еуразиялық ғарыш агенттігі идеясы шынында да өзекті және сұранысты» деп атап көрсетті.

«Роскосмос» жобалары ЕАЭО-ның барлық елі үшін қызықты деп ойлаймын. Атап айтқанда, кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Сфера» жобасы бірнеше мәрте интернет-трафиктің қымбатшылығы туралы мәселе қойып жүрген Қырғызстан үшін тура қызықты болар еді. Осы жобаның көмегімен бұл міндетті шешуге болар еді деп ойлаймын», — деп атап өтті ЕЭК министрі.

Форумда Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев, Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов, Ресей Ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының ғылыми басшысы Лев Зеленый, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мурат Джуматаев, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының экономикалық саясат комитеті төрағасының бірінші орынбасары Денис Кравченко және басқалар сөз сөйледі.


ЕАЭО-ның «Ғарыш интеграциясы» іскерлік форумы бірінші рет өткізілді. Оны Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен Ресей Ғылым академиясының Еуразиялық экономикалық интеграцияның кешенді проблемалары жөніндегі ғылыми кеңесі, «Альфа корпорациясы» АКҰ ұйымдастырды. Форумның басты әріптесі — «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы.