Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобалары Стратегия - 2025 жобасының 6.4.3-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жұмысты жандандыру үшін 2024 жылы ЕАЭО-да алғаш рет «Еуразиялық интеграция рәміздері» бірлескен ауқымды жоғары технологиялық және гуманитарлық жобалар конкурсы өтетін болады.
Конкурстың мақсаты – еуразиялық интеграцияның технологиялық салаларындағы жаңа идеяларды анықтау. Ұйымдастырушылар – Стратегиялық бастамалар агенттігі (СБА) және даму институттары консорциумының мүшелері, бірлесіп ұйымдастырушы – Еуразиялық экономикалық комиссия.
Қатысушылар өтінімді ақпан айында бере алады. Өтінімдер команда қатысушыларының біліктілігі, тәжірибесінің болуы, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік әсері, жаңалығы, бәсекеге қабілеттілігі және сараптамалық тану тұрғысынан қаралатын болады. Іске асырылған жобалар да, идеялар мен тұжырымдамалар да қатыса алады.
Сарапшылар жобаларды келесі критерийлері бойынша бағалайтын болады:
- интеграциялық бағыт: жоба мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыруға және іске асыруға, еуразиялық экономикалық интеграция аясында кооперациялық байланыстарды дамытуға ықпал етуі тиіс;
- ауқымдылығы: жобалардың ЕАЭО-ның барлық елдерінен немесе жобаға қатысушылар арасында мәлімделмеген мүше мемлекеттердің аумағынан шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуымен іске асыру үшін әлеуеті болуы тиіс;
- технологиялылық: жобалар жоғары технологиялық шешімдерді пайдалануға негізделуге тиіс, жоба аясында құрылатын өндіріс жоғары технологиялық немесе орта технологиялық жоғары деңгейдегі экономикалық қызмет түрлеріне жатқызылуы тиіс немесе шешімде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ғалымдарының зияткерлік меншігі пайдаланылуға тиіс.
Конкурс 8 номинация бойынша өтеді:
- базалық салалардың технологиялары (өндіруші салалардың, қайта өңдеу салаларының жаңа технологиялары, ауыл шаруашылығы);
- транзиттік әлеует (көліктік-логистикалық шешімдер, көлік, инфрақұрылым);
- технологиялық тәуелсіздік (аспап жасау, станок жасау, микроэлектроника, химиялық-металлургиялық технологиялар, телекоммуникация, электротехника, автомобиль жасау, кеме жасау);
- цифрлық платформалық шешімдер (ақпараттық қауіпсіздік);
- жаңа технологиялық құрылым (робототехника, нанотехнология, биотехнология, АКТ, гендік инженерия, ғарыштық технологиялар);
- адами капитал (ғылым және білім, телемедицина, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт);
- еуразиялық туризм (HoReCa, кешенді туристік шешімдер, турист картасы);
- қаржылық инклюзивтілік (қаржы қызметтерін ұсыну, елдер арасындағы сауда есептеулерін қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін арттыру жөніндегі қазіргі заманғы шешімдер).
«ЕАЭО мемлекеттерінің бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыруы Стратегия - 2025 жобасында көзделген. Конкурс кәсіпорындардың назарын Еуразиялық экономикалық одақтағы кооперациялық ынтымақтастықтың артықшылықтарына аударады, Одақтың интеграциялық әлеуетін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ететініне сенімдіміз», – деп түсіндірді ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев.
«Бүгінгі таңда консорциум алаңында мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесуге және олардың өңірлерінің инвестициялық белсенділігі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған жобаларды ілгерілету бойынша жұмыстар кеңейтілді. Конкурс жаңашылдығы, технологиялылығы, бәсекеге қабілеттілігі бар жобаларды анықтауға мүмкіндік береді, оларды іске асыру еуразиялық кеңістік аумағында елеулі әлеуметтік, экономикалық және технологиялық әсерлерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті СБА бас директоры, даму институттары консорциумының үйлестіру кеңесінің төрағасы Светлана Чупшева.
Қатысушылар 15 ақпаннан 31 наурызға дейін өтінім бере алады. Сарапшылар 30 сәуірге дейін жобаларды бағалайтын болады, содан кейін осы кезеңнің нәтижелері бойынша үздік жобалар қорғалады. Қорытындылау және жеңімпаздарды марапаттау 2024 жылдың мамыр - маусым айларында өтеді.
Анықтама
Даму институттары консорциумын құру туралы келісімге 8 маусымда Сочиде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы шеңберінде қол қойылды. Консорциумның мүшелері – Стратегиялық бастамалар агенттігі, «Армения Республикасының Стратегиялық даму орталығы» қоры, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты, ал осы жылдың желтоқсан айында Қырғыз Республикасының саяси экономикалық зерттеу институты да қосылды.
Консорциум – тәжірибе және озық практика алмасу, ЕАЭО мемлекеттерінің кәсіпкерлеріне қолдау көрсету, перспективалы кооперациялық жобаларды ілгерілетудің бірыңғай тәсілдемелерін қалыптастыру алаңы.