Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары өнеркәсіптегі кооперациялық жобаларды қаржыландырудың орнықты көздері бойынша ұсыныстар әзірлеуді мақұлдады. ЕҮК өкіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Одақ мемлекеттері Үкіметтерімен бірлесіп 2022 жылдың төртінші тоқсанында экономиканың нақты секторында, әсіресе өнеркәсіптің шетелдік өнімнің импортына көбірек дәрежеде тәуелді салаларындағы интеграциялық жобаларды іске асыру үшін жеңілдікті қаржыландырудың нақты көздері мен механизмдері бойынша ұсыныстар береді.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары Комиссияның өнеркәсіп блогының өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландырудың жаңа механизмдерін қалыптастыру қажеттігі жөніндегі ұсынысын қолдады. Біз басымдықтарды импортқа аса тәуелді стратегиялық маңызды салалардан, мысалы, авиажасау, микроэлектроника, фармацевтикадан көріп отырмыз, сонымен бірге, бизнестің кооперациялық құрамдасы бар басқа да жобаларын қарайтынымыз сөзсіз. Бұл Одақтың өнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді, жоғары қосымша құны бар инновациялық өнімді жасауға, сондай-ақ Еуразиялық «бестік» елдерінің орнықты экономикалық өсу мәселелерінде ілгерілеуіне көмектеседі», – деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян өз сөзінде.
ЕЭК министрі Комиссияның қатысушы елдермен бірлесіп, бұл бағытта 2020 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бұл міндеттерді іске асыру Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында және ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық орнықтылығын арттыру бойынша Одақта ішкі нарық пен кооперацияны дамытуға бағытталған жедел шаралар туралы № 12 өкімінде көзделген.
Артак Камалянның сөзінше, Комиссияға өнеркәсіптік кооперация үшін жағдайларды жақсарту, бірлескен кәсіпорындар құру және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ интеграциялық жобаларды қолдаудың ұлтүсті шараларын әзірлеу қажеттігі туралы бизнес-қоғамдастықтың бірнеше мәрте өтініштері түскен. Одақтың сауда-өнеркәсіп палаталарымен және кәсіпорындарымен жұмыс барысында ЕЭК сарапшылары өнеркәсіптегі кооперациялық жобаларды практикалық іске асырудың негізгі кедергілерін анықтады, атап айтқанда, бұл осындай жобаларды іске асыруға арналған қарыз қаражаты бойынша жеңілдікті ставкалардың жоқтығы.
Бүгінгі таңда ЕАЭО экономиканың нақты секторына өзара және сыртқы инвестициялардың азаюына тап болып отыр. Сол себепті, ЕЭК министрі атап көрсеткендей, өнеркәсіптік өндіріске инвестициялар тарту біздің елдеріміз бен Комиссияның басымдықтарының бірі болуға тиіс.
Одақ мемлекеттері басшыларының өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Комиссия ұлттық және ұлтүсті даму институттарымен бірлесіп, ағымдағы жағдаят және кооперациялық тізбектерді қаржыландырудың ықтимал көздері мен механизмдері жөніндегі тәсілдемелер туралы талдамалы баяндама дайындады.
«ЕЭК ұсыныстары қаржыландырудың жаңа көздері мен механизмдерін іздеу жөніндегі жұмыс бағытын қамтиды, бұл ретте ЕАЭО елдері бюджеттерінен субсидиялар, кедендік түсімдерден аударым, салалық қор құру, Еуразиялық даму институттарының ресурстарын пайдалану, аралас қаржыландыру механизмдерін қолдану қаралуы мүмкін»,- деп түйіндеді Артак Камалян.