Жаңалықтар

14.02.2022

ЕАЭО-да табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидаларын іске асыру жөніндегі құжаттардың жобалары әзірленді

11 ақпанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбековтің төрағалық етуімен табиғи монополиялар жөніндегі консультативтік комитеттің 24-отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілдері ЕЭК Алқасының табиғи монополиялар саласындағы жол картасының екінші кезеңінің іс-шараларында көзделген екі ұсынымының жобасын қарап, келісті.

Ұсыным жобасының бірі көрсетілетін қызметтерді табиғи монополиялар саласына жатқызудың негізгі критерийлері мен шарттарын айқындау арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі табиғи монополиялардың салалары мен көрсетілетін қызметтерінің тізбесін үндестіруге бағытталған.

Екінші ұсынымның жобасы 5 сандық және 11 сапалық көрсеткішті пайдалана отырып, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт талаптарын іске асыру және нәтижелерін бағалау мониторингіне бағытталған.

Ұсынымдардың жобаларын ағымдағы жылғы наурызда Комиссия Алқасы қарайды.

Консультативтік комитет отырысына қатысушылар сондай-ақ тараптардың уәкілетті органдарының сарапшыларымен бірлесіп дайындалған ақпарат жобасын келісті. Құжат 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 20 қосымшаның 20-тармағының 5-тармақшасына сәйкес дайындалған және 2021 жыл ішінде табиғи монополиялар саласында өткізілген іс-шаралар туралы мәліметтерді қамтиды.

Құжат жобасы жыл сайынғы негізде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына енгізіледі.

 

Анықтама

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 37 өкімімен бекітілген табиғи монополиялар саласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру жөніндегі тиісті шараларды жүзеге асырудың дәйектілігін айқындау жөніндегі іс-шаралар жоспары (жол картасы) дәйектелген үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде, 2019–2020 жылдары, Одаққа мүше мемлекеттердің заң актілерін тариф саясаты, көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу мәселелері, реттеудің құқық қолдану практикасы, проблемаларды анықтау және үндестіру перспективалары бөлігіндегі кешенді зерттеуді кірістіретін талдау жұмысы жүргізілді.

Жол картасының екінші кезеңінде, 2021–2022 жылдары, ЕЭК ұсынымдарының бірқатар жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2022 жылдың аяғына қарай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске ұсынылатын мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық актілері тізбесінің жобасын дайындау көзделген.

Үшінші қорытынды кезеңінде Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру жөніндегі іс-шаралар және Комиссия тарапынан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің тапсырмаларын орындау мониторингі іске асырылады.