27 қаңтарда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ЕЭК Кеңесінің "Бағалы қағаздар нарығын реттеу саласында пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен айқындамалар бөлігінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру және бағалы қағаздар нарығындағы нарықтық делдалдарға (брокерлерге) қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі келісілген ұсыныстар туралы" ұсынымының жобасын мақұлдады.
Ұсыным және келісілген ұсыныстар ЕАЭО туралы шартқа, Шартқа № 17 қосымшаға (Қаржы қызметтері жөніндегі хаттама), Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасына,Заңнаманы үндестіру туралы келісімге және Одақ мемлекеттерінің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.
Құжатта бағалы қағаздар нарығын реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттарды әзірлеу кезінде заңнаманың негізгі ұғымдары мен айқындамаларын үндестіру, бағалы қағаздар нарығындағы брокерлерге қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі келісілген ұсыныстарды ескеру бойынша Одақ мемлекеттеріне арналған ұсынымдар қамтылған.
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, үндестіру жөніндегі келісілген ұсыныстар ЕАЭО мемлекеттерінде қолданыстағы заңнаманы салыстырмалы-құқықтық талдау қорытындылары бойынша дайындалған.
"Бұл біздің нарықта ашықтық пен өзара сенімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай қаржы кеңістігін құрудағы маңызды қадам", – деп атап көрсетті Бақыт Сұлтанов.
Заңнаманы үндестіру жөніндегі келісілген ұсыныстарда бағалы қағаздар нарығындағы брокерлерге қаржылық көрсеткіштер, тәуекелді басқару жүйелері, ішкі бақылау, брокердің ұйымдық құрылымы, клиенттермен және реттеушімен өзара іс-қимыл, сондай-ақ есептілік пен ақпаратты ашу бөлігінде қойылатын талаптарды реттеуге орайлас тәсілдемелер тұжырымдалған.
Алқа мақұлдаған ұсынымдар мен заңнаманы үндестіру жөніндегі келісілген ұсыныстар бекітілу үшін Комиссия Кеңесінің қарауына ұсынылатын болады.